Елімізде күн сайын коронавирус жұқтырған науқастар саны көбеюде. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлер «Біз біргеміз, бәрін де жеңеміз» ұранына үн қосып, провизорлық стационарларға гуманитарлық көмек жеткізуде. Осылайша, індетпен күресіп жүрген ақ халаттылар мен науқастарға қолдау білдіріп отыр.
Елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделілігі мен күн сайын ауырлап бара жатқаны әрбіріміздің жан жүрегімізді ауыртатыны сөзсіз. Батпандап кіріп алған індетпен күресте дәл қазіргі уақытта медициналық ұйымдарға, ондағы дәрігерлер мен қызметкерлерге, науқастарға жан-жақты көмек-қолдау қажет-ақ.
Науқастардың көбеюіне байланысты өткен маусым айының соңында Зеренді ауданында 120 орындық, Чаглинкада 60 орындық провизорлық бөлімшелер ашылған еді. Осы уақытқа дейін олар 398 науқасты қабылдап, 243-і жазылып шықты. Өкінішке орай, індет басталғалы облысымызда 24 адам көз жұмды. Зеренді аудандық провизорлық стационарларда 18 дәрігер, 140 медициналық қызметкер індетпен күресуде. Алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға жергілікті кәсіпкерлерлер көмек беруде.
–«Милк-Прожект» компаниясы біздің мамандарға аптасына 2 рет сүт өнімдерін жеткізіп тұрады. Апта сайын қойдың етін жеткізіп отырған аудандық мешітке, стационарға кір жуғыш машинасын әкеліп берген «АзияАгрохим» серіктестігіне, 650 литр су жеткізген «Арай» серіктестігіне, 500 литр су әкелген «Көкшетау минералды сулары» серіктестігіне ризамыз. «Халық банкінің» аудандық басқармасы өз тарапынан кислород баллондар тасымалдайтын арбаға дейін әкеліп берді. Індетпен күресте шама-шарықтарынша қолдап жатқан ауданның барлық тұрғындарына өз атымыздан алғыс айтамыз, – деді Зеренді аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Юлия Кельм.
Бұланды аудандындағы провизорлық бөлімшеде 16 дәрігер қызмет етуде. Онда 21 науқас ем қабылдауда. Аудандық кәсіпкерлер ортақ чат құрыпты. Көмек жасаймын деуші қарапайым тұрғындар саны да күннен-күнге көбеюде. Аудан тұрғындары 10 миллион теңге қаржы жинаса, оның 7 миллион теңгесін «Макинск» құс фабрикасының қарамағындағы «АйтасКЗ» компаниясының қоры аударыпты.
–Біздің қор бүгінде 5 миллион теңгеге медикаменттер мен қорғаныш құралдарын сатып алып, дәрігерлерге тапсырды. Қалған сомаға алдағы уақытта науқастар үшін дәрі-дәрмек сатып алмақшымыз. Барлық азаматтарды мына пандемияға қарсы тұруда бірігуге шақырамын. Бірлесіп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ананы-мынаны кәнілай бермей, әрекетке көшейік. Халықтың амандығы үшін барымызды беріп, күресейік, – деді «АІТАS KZ» компаниясының өкілі Данияр Тоқтарбаев.
Бұдан басқа «Шахатов» шаруа қожалығы 100 келі ет жеткізіпті. Жекелеген кәсіпкерлер эпидемиололгиялық қызметкерлерге автокөлік те бөлген. Осылайша, ортақ чатта отырып, ортақ мүддені көздеп, игі жақсылықтарды жасауда.
–Біздің құрған чатымызға 100-ден астам адам тіркелген. Қаржы жинау әлі де жалғасуда. Дәрігерлерімізді қолдау үшін қолдан келгенімізді жасаудамыз. Елім деген ерлеріміз көп болса, бұл індетті де ақырындап жеңеміз, – дейді жеке кәсіпкер Ринат Жандыбаев.
Көкшетаулық кәсіпкерлер де өзара келісіп «Көкшетау тұрғындары – бір отбасы» атты акцияны бастап, қаржы жинауда. Негізгі мақсаттары – ауруханадағы дәрігерлер мен науқастарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бір кеште жиналған қаржыға олар ауруханаға 1126 құты су жеткізіп берді. «Көкшетау минералды сулары» серіктестігі жергілікті жерге ғана емес, басқа да қалалардың ауруханаларына ауыз су тасымалдауда.
–Пандемиямен күресте біздің компания да сырт қалмауда. Наурыз айынан бері көмек ретінде «Тұран» суының 40 мың құтысы Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына тасымалданды. Апта сайын облыс орталығындағы қалалық ауруханаға, туберкулезге қарсы диспансерге, жұқпалы тері аурулары диспансеріне, теміржол ауруханасына су апарамыз. Індетпен күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарға ерен ерліктері үшін алғысымыз шексіз. Біз де бұл мылтықсыз майданды жеңуге өз тарапымыздан осылайша, қолдан келгенше көмектескіміз келеді, – дейді «Көкшетау минералды сулары» серіктестігі директорының орынбасары Досымжан Кенжешев.
Игілікті істі қолдап отырған кәсіпкерлерге дәрігерлер мен науқастар да дән риза. Тек аты жаман індеттен жақын күндері арылуға жазсын.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.