Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағылымға толы ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Тағылымға толы ғұмыр

Ереймен елінің ақиық азаматы, белгілі қаламгер, «Арқа ажарының» ардагер журналисі Ілияс Қарағозин, егер бүгін көзі тірі болса, 80 жасқа толар еді. Қарымды қалам иесінің баспасөз саласына сіңірген еңбегі уақыттың өз қолтанбасындай соңында сайрап жатыр. Біз, аяулы ағаның бірге қызмет атқарған әріптестері жүрегі елім деп соққан осы бір абзал жанды сағынышпен еске алып отырмыз.

Ақмола өңіріне ежелден таныс «Коммунизм нұры» – бүгінгі «Арқа ажары» газетінің қабырғасынан көптеген белгілі адамдар шыққан. Ол заманның оқырмандары бүгінгілерден аз да болса, ілгерілеу тұр. Баспасөзге жазылу мезгілінде ауыл адамдары жоғарыда тұрғандарға қамшы салдырмайтын. Облыстың да, ауданның да газеттерін алдымен жаздырып, пошташылар уақытында әкелмесе әжептәуір ашуға берілетін.
«Арқа ажарының» ыстық-суығына жас күнінен көне білген майталман журналист Ілияс Әшімұлы Қарағозиннің жазған сындарлы мақалаларына жұрт қанық еді. Ереймен елінің тумасы Кеңес дәуірінде небір жабық тақырыптарға көңіл аударып, түрлі фельетондарға айналдыратын.
Асыл ағамыздың дүние салғанына биыл тура бір жыл толды.
Ілияс Қарағозин 1940 жылы Ерейменнің Шәкей ауылында дүниеге келген. Барлық ғұмыры газет жұмысымен байланысты болды. Ол 1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазан университетін бітіргеннен кейін туған өлкесі Ерейментауда еңбек жолын бастады.
Ауыл шаруашылығы саласы өте күрделі екені белгілі. Экономикасы жаңа ғана көтеріліп келе жатқан ауданда мал басы көбейіп, егін шаруашылығы өрістеген кез еді бұл. Әріптестері арасынан белгілі журналистер Дуанбай Әлімжановты, Серік Жұматов, Амангелді Жұмабек пен Беларусь партизаны Владимир Тарасевичті ерекше айтып өткен жөн.
Аптасына 3 рет шығатын қос тілді газеттің жұмысы оңайға соққан жоқ. Оны компьютері жоқ редакция мен баспахананың жұмысын басынан кешкендер ғана біледі. Қорғасынмен құйылатын әріптер табақтарға жиналып, баспахана мамандарын көп әуре-сарсаңға салатын. Болды-ау деген кезде шашылып қалған кездері де аз емес.
Ілияс Әшімұлы өзінің сабырлы біртоға мінезімен, сондай-ақ, шығармашылық өнерінің арқасында облыстық «Коммунизм нұры» газетіне шақырылды. Осы жерден зейнеткерлікке шықты. Қазақ сөзінің майталманы бірнеше кітаптың, өлеңдер жинағының авторы.
Еліміздің егемендік алған тұсында біздің бүгінгі астаналық өңірде көптеген қайшылықтар, түсінбеушіліктер және түрлі мәдени іс-шаралардың өткені бар. Целиноградтың Ақмола аталғанында бұл кісі алдыңғы топта жүрді. Көше, ауыл аттарын өзгеріске түсіруде, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде Ілекең жалықпай еңбек етті. Қажырлылығы мен қайраты сонда көрінді.
Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың аруағы риза. 1991 жылы бұл кісінің бастамасымен бірнеше кітаптар жарыққа шықты. Алдыңғы толқын ағалардың ерен істері қазіргі кезде біраз көмескіленіп қалған сияқты. Оны көзімен көрген адамдар ғана бағалай алады.
Атақты қазақ әскерінің баһадүрі Бөгенбайдың ескерткішін орнату жұмысына Ілекең белсене атсалысты. Бұл сол тұста, кереғар көзқарастар тайталасқан кезде, оңайға соққан жоқ. Ақмола қаласында өткен талай жиындарда сөз бастаған кісінің бірі осы Әшімнің Ілиясы болатын-ды. Мұны әсте ұмытуға болмас. Бөгенбайдың алматылық бір ұрпағы Әлихан Барлыбаевтың ұсынуымен, ол біраз уақыт, даңқты батыр бабамыз атындағы облыстық қорды да басқарды. Сәдуақас Ғылмани (Сәкен қалпе) атындағы қалалық мешіттің жаңадан бой көтеруіне Ілияс ағаның қосқан үлесі де өте қомақты.
Ағаның ақпарат саласына қосқан еңбегі бір атан түйе көтеретіндей едәуір салмақты. Ол «Арқа ажары» газетінің жауапты хатшысы болғанда да уақытпен санаспай еңбек етті. Оған қоса, Ақмола өңірін аралап тұщымды, әлеуметтік мәні күрделі мақалаларды да көп жазды.
Ерейменнің дарабоз тұлғалары Бөгенбай батыр, Молдажан Жадайұлы, Жанайдар Мерген, Олжабай Нұралыұлы, Қуат Арабданұлы, Бекболат Меркемелиден мен Аманжол ақындар жайлы таңдаулы очерктері күні бүгінге дейін біздің кітапханамызда сақтаулы. Сондай-ақ, замандастары Ғалы Асқарұлы, Ерміш Жұмашұлы мен Балкен Игенбайұлы туралы жазған шығармаларын қалайша ұмытарсыз!?
Жаны жайсаң ақынның сезімге толы әлемінің кеңдігін «Есіл», «Қоржынкөл», «Әке туралы толғау», «Күндерім», «Ақмола», «Ереймен көркі», «Қазақтың барша арманы еді», «Батырмен сырласу» сияқты жыр-толғауларынан аңғаруға болатындай.
Ерейменнің тарланбозы Ілияс Қарағозиннің өмірі бүгінгі ұрпақ үшін мейлінше өнегелі. Сабырмен астасқан маңғаз мінезі, паңдық пен мақтануды білмейтін жайсаңдығы – ірілігінің айғағы болатын-ды. Ондай ағаларды есте ұстау – өскелең ұрпақтың парызы дер едім.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар