Целиноград ауданындағы Оразақ ауылында жардан құлаған қыз баланы құтқару кезінде 29 жастағы жігіт суға кетті.
Қайғылы жағдай 21 маусым күні таңғы сағат бесте болды. Барлығы тоғыз қыз-жігіт астанадан Оразақ ауылына дем алуға келген. Кешкі сағат сегізде олар Нұра өзеніне келіп, шомылу үшін жабдықталмаған жағада суға түседі, тамақ пісіреді. Таңғы сағат бесте бір қыз абайсызда жардан өзен суына құлайды. Оны құтқармақшы болып, екі жігіт суға секіреді. Нәтижесінде қыз судан құтқарылып, оны құтқармақшы болған 1991 жылғы екінші жігіт суға кетті.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов өз сөзінде бұл жағдай жөнінде телефон шалынысымен оқиға орнына Целиноград аудандық төтенше жағдай бөлімінің маманы жіберілгенін айтты. Іздестіру жұмысын жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы судан құтқару отрядының күші мен құрал-жабдықтары тартылып, қыршын жастың мүрдесі табылған. Естеріңізге сала кетсек, жыл басынан бері облыстың өзен-көлдерінде жеті адам суға кетті, шомылу кезінде 20 адам судан құтқарылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.