Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік — экономикалық бағытта атқарылған жұмыстар пысықталып, өңірдегі коронавирус індеті бойынша қалыптасқан қазіргі жағдай талқыланды.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысып, аудандық, қалалық әкімдер онлайн байланысқа шықты. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус пандемиясымен күресті күшейту, қатаң карантинді сақтау, жағдайды бақылауда ұстау, індетті тоқтату, шектеу, емдеу шараларына басым назар аудару жөнінде тапсырма бергендігін, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық дамудың басты көрсеткіштерін ұстап отыруды міндеттегендігін атап өтті.
Күн тәртібіне сай, ең алдымен бірінші жартыжылдықтың қорытындысы туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасап, салалар бойынша толық мәлімет берді. Баяндамашының айтуынша, облыста коронавирус пандемиясының дендеп кетуіне байланысты туындаған қолайсыздықтарға қарамастан, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері тиісті деңгейде орындалуда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 106, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 103, тұтыну бағаларының индексі 104 пайызды құрап, құрылыс жұмыстарының көлемі 103 пайызға орындалған. Дегенмен, біздегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субьектілерінің санын көбейту мен тұрақты жұмыс орындарын ашу бойынша жұмысты күшейту керек.
–Индустриалды секторда облыс республика бойынша бесінші орында тұр. Жыл басынан бері, 450 миллиард теңгенің тауары өндірілсе, соның ішінде өңдеуші сала бойынша 365, 2 миллиард теңге болған. Сөйтіп, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,5 есеге артқан.
Облыс экономикасын дамытуға 158,6 миллиард теңгенің инвестициясы құйылды, – дей келе, Қанат Дүзелбаев әр салаға жекелей тоқталды. Өңір басшысы көрсеткіштері төмендеп кеткен аудандар бойынша әкімдеріне тапсырма беріп, экономика саласына жауапты орынбасарларынан қатаң сұрауды талап етті. Сонымен бірге, индустриаландыру жобалары бойынша жоспарланған нысандарды белгіленген уақытта аяқтауларын тапсырды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов өңірге бөлінген бюджеттің игерілуі бойынша ақпарат берді.
Мәжіліс соңында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өңірдегі коронавирус пандемиясымен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларда жеткілікті, өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынуда, науқастарға арналған орындар жеткілікті ашылған. Дегенмен, тұрақтылықты сақтау, адамдарды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері күн тәртібінен түспейді.
Мәжіліс соңында облыс әкімі аудан басшыларына пандемияға қатысты жағдайды қиындатпауды, барлығын тиісті мекеме басшыларымен келісіп, шешіп, халықты күнделікті ақпараттандырып отыруды тапсырды.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.