Коронавирустан жазылып шыққан азамат қазақстандықтарға денсаулықтарына бейжай қарамауға кеңес береді.
Елімізде коронавирустан құлантаза айығып жатқандар саны күн санап артып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін 5400-ден астам адам COVID-19-дан жазылып шыққан. Алайда, вирус жұқтырғандар мен індеттен айыққандар арасында бұл мәселеге қатысты ашық мәлімдеме жасаудан бас тартатындар көп.
Коронавирустан емделіп шыққандардың бірі – Нұр-Сұлтандағы №2 қалалық емхананың арнайы мамандандырылған бөлімі және хирургия бөлімінің меңгерушісі Асылбек Әбенов. Жаһанды жайлаған індетпен күресіп жүріп, ол өзі де аурудың шырмауына түсіп қалған. Бірақ, ауырып жүргенін еш сезінбеген.
–Мен обсерваториялық орталықта жұмыс істеп жүрген едім. Біз әр үш күн сайын вирусқа қарсы тест тапсыратынбыз. Бас дәрігер менде індет белгілері анықталды деп хабарлаған кезде, бірден оқшаулануға да-
йындалдым. Жедел жәрдем тез арада келіп, мені алып кетті. Ауру мүлдем сезілмеді, симптомсыз болды. Тест нәтижесін білер алдында әкеммен кездескен едім. Содан кейін үйдегі жақындарымның барлығын ПЦР-тест тапсыруға шақырдым,– дейді ол.
Асылбек Әбеновтің айтуынша, палатадан сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Палатаға дезинфекциялық жұмыстар мұқият жүргізіледі.
–Бойымда вирус анықталғаннан бастап, ауруханаға жаттым. Палатада екі адам болдық. «Aluvia» препаратын 14 күн бойы қабылдадық. Сонымен қатар, макролид тобына жататын «Азитромицин» дәрісін 6 күн іштік. Палатадан дәлізге шығуға болмайды. Палатаға дезинфекциялық жұмыстар жиі жүргізіліп тұрды, бөлме үнемі желдетілді. Ем қабылдап жатқандардың жағдайын сұрап келушілерге аурухананың ауласына да кіруге рұқсат етілмеді, керек-жарақты шлагбаумдағы күзетші курьерге, курьер медбикелерге беріп, олар бізге жеткізеді, – дейді Асылбек Әбенов.
Асылбек қазір үй карантинінде жатыр. Бір қиындықты еңсерген адам әрі дәрігер ретінде қазақстандықтарды сақтық шараларын барынша сақтауға шақырады.
–Адам көп шоғырланатын жерлерге мүмкіндігінше бармай, қорғаныс киімдерін тастамауға кеңес беремін. Медициналық қолғаптар, маска тағу, дезинфекциялық құралдар қолдануды әдетке айналдырайық. Вирустан ешкім сақтандырылмаған, сол себепті сақтық шараларын барынша сақтауға шақырамын, – дейді ол.
Ырысалды ШАМШИЕВА.