Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көбей тұзы көлі немесе бүгінгі күннің дақпырты мен ақиқаты - АРҚА АЖАРЫ

Көбей тұзы көлі немесе бүгінгі күннің дақпырты мен ақиқаты

Кейінгі бірер аптада Ерейментау ауданындағы Көбей тұзының аты бүкіл елге дүркіреп тұр. Бұның бәрі бүгінгі озық технологияның арқасы, әдейі жарнамаласаң бұлай болмас еді. Осының себебінен бұл жерге күн сайын жүздеген автокөліктер келіп, көлдің басын ластап, тұз бен балшық қазып алып, әйтеуір ойларына келгенін істеп жатыр. Және қазір осы Көбей тұзы туралы әркім өзінің аузына келгенін айтып жүр. Тіпті бір туристік фирманың өкілі жас бала өткенде теледидардан: «Бұған дейін Көбей тұзын ешкім білмейді екен, Ерейментаудың халқына біз барып тауып бердік», – деп өтірікті соғып отырғанын естідік. Енді біреулер Көбей деген «көбею» деген сөзден шыққан деп сәуегейлік айтуда. Сондықтан осы Көбей тұзы, оның арғы тарихы жайлы оқырмандарға аздаған түсінік бере кеткенді жөн көрдік.

Ең бірінші, Көбей атауы жөнінде бірер сөз. Ерейментау өңірі ежелден Арғынның Жеті Момын баласының бірі – Қанжығалы елі жайлап жатқан аймақ. Қанжығалы деген ел қандай деген адамға Бөгенбай батыр мен Үмбетей жырауды атасақ жетіп жатыр.
Бүгінгі ата-тек шежіресіндегі тізбеде Бөгенбай батырдың көп әйелінен 19 ұлы болған деп жазылады. Осы 19 ұлдың бірі (бесіншісі) – Қамархан деген қалмақ қатыннан туған Жылқыбай батыр. Бұл Жылқыбайдың – Бегімберді, Көбей, Шөбей, Төлеген, Ноғай, Аю, Байсары атты жеті ұлы болған. Бүгінгі халықтың аузында жүрген Көбей тұзы осы Жылқыбайдың ұлы Көбейдің жайлауы болған жер.
Көбейден – Алшын, Мима, Темірбек, Қиқа деген төрт ұл туады. Бұлардың ішіндегі аты белгілісі – Темірбек шешен. Көбейдің Темірбегі атанып, ауыз әдебиетінде аты қалған адам. Осы Көбейдің тұзынан солтүстік-шығысқа қарай 4-5 шақырым жерде Қиқаның соры деген сор жатыр. Ол жер – Көбейдің баласы, жоғарыда аты аталған Қиқаның жайлауы. Одан әрі Жамантұз деген тұз бар.
Халық ерте заманнан осы Көбей мен Жамантұздың тұзына түсіп, дертіне шипа тауып келген. Және бір ғажабы, бұрындары үлкендер «Көбейдің тұзынан Жамантұздың емдік қасиеті артық» деп отыратын…
Енді биыл аяқ астынан Көбей тұзының аты қалай жайылып кетті дейсіздер ғой? Оған себеп, биылғы жазда Көбейдің тұзы мен суы өз-өзінен қызғылт түске енді. Оның себебі жай адам үшін жұмбақ. Мүмкін судағы микроорганизмдерге байланысты ма, оны енді мамандар зерттей жатар. Осыны бір адамдар әлеуметтік желіге салып, сөйтіп бірер айдың ішінде Ерейментауда Көбей деген тұз бар екенін осы аймақ, Нұр-Сұлтан төңірегі түгел білді. Бірақ бұл судың қызаруы уақытша құбылыс. Қазір Көбей тұзының түсі қайтадан ағарып барады. Осылай өзінің табиғи түсіне қайтадан енсе, халықтың қызығушылығы да басылатын шығар деп ойлаймыз.
Енді Көбей, Жамантұз секілді тұзды көлдер жайлы не айтуға болады? Бүгінгі қиын-қыстау заманда халыққа осындай емдік қасиеті бар жерлер керек-ақ. Бірақ, осы Көбей мен Жамантұзды бір кәсіпкер азаматтар рәсімдеп алып, төңірегін жайландырып, баспаналар тұрғызып, жағдай жасап қойса, халық үшін үлкен жақсылық болар еді. Ал, қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Күніне жүздеген адамдар барып, басын ластап, көлдің тұзын қазып алып кетіп жатыр. Тіпті кейбіреулер оны Астанаға апарып сатып жатыр деп жазыпты әлеуметтік желілерде.
Сол төңіректегі шаруашылық ұстайтын кәсіпкерлер де бізбен хабарласып, шағым айтып жатыр. Күндіз-түні ағылған көлік, шабындығымызды таптап, жайылып жүрген малдың берекесін алып болды дейді. Оның барлығы рас. Қазір аудан әкімдігі Көбей тұзы мен Қоржынкөл, Көрбет көлдерінің басына халықтың келуіне тосқауыл қойды, бұл дұрыс жасалған іс болған.
PS: Желі қолданушысы Ерке Рахым деген адам Көбей тұзы көлінің тұзы мен балшығын жан-жақтан келген адамдар шелектеп алып кетіп жатқанын сынға алады. «Көбей тұзы деген суы қызғылт көл карантин уақытында астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Көпшілік әдемі суретке түсу үшін күнде көлге ағылып жатыр. Бірақ, табиғаттың тамашасынан пайда көргісі келетіндер де аз емес екен» деп жазады. Желі қолданушысының жазуынша, халық көлден қызғылт тұзды жаппай қазып алып, қап-қара шұңқырлар ғана қалдырып кетіп жатқан көрінеді.
Татьяна Шишкина деген желі қолданушы адам Ерейментаудағы Көбей тұзына жасаған сапары жайлы өзінің Instagram парақшасында әңгімелейді. Оның сөзінше, көлге келген демалушылар бірінші оның әдемілігіне тамсанады, әр шаршы метр сайын суретке түседі, кейіннен өздерімен бірге алып келген пакеттерін аша бастайды. Осылайша туристер суға ерекше түс беретін көл түбіндегі тұзды қазып алады. Татьянаның айтуынша, адамдар тұзды қапқа толтырып, шелектермен алып кетуде. Олар көл маңындағы «ТҰЗ БЕН БАЛШЫҚТЫ ҚАЗЫП АЛУҒА БОЛМАЙДЫ, БҰДАН МИКРОФЛОРАНЫҢ БҰЗЫЛУЫ МҮМКІН, ОЛ ТЕК 15 ЖЫЛДАН СОҢ ҒАНА ҚАЛЫПҚА КЕЛЕДІ» деген жазуы бар плакатқа да мән бермей жатыр.
«Астаналықтар Көбей тұзынан «ұрланған» тұзды сатып жатыр» деп жазыпты Азамат Қабетов атты азамат әлеуметтік желіде. Көпшілік қолданатын әлеуметтік желілерде Ерейментау ауданында орналасқан Көбей тұзы қызғылт көлінен алынған тұз сатылатыны туралы жарнама пайда болды. «Көбей тұзынан алынған 1 келі тұз сатамын, бағасы – 5000 теңге. Көптеген ауруларды емдейді. Коронавирус және диарея кезінде көмектеседі. Тамақты шайып, аспен бірге ішіп, суға қосып шомылуға болады, бар-жоғы 10 шелек қана қалды, асығыңыздар!» – деп жазыпты елордалық «саудагерлердің» бірі.
Астаналықтар бұндай адамдарды жазалауды талап етіп жатыр. Себебі, тұз жинаудың көлге келтіретін зияны мол, тұз бен балшық қазылып алынған соң, ол қалпына келгенше 15 жыл өтеді деп жоғарыда айттық. Сол себептен, «тұз сатушының» жарнамасы толассыз сынның астында қалды және қолданушылардың көбі бұл секілді «кәсіпкерлерді» жазалауды талап етуде. «Табиғатты осылай құртып жатырсыңдар», «Бұл үшін сендерді соттау керек!», «Сен барып тұз алдың, енді оны қымбат бағаға сатасың ба? Полиция қайда қарап отыр?», «Табиғат бізге осындай сұлулықты берді, біз оны жойып жатырмыз! Сіз бұл әрекетіңіздің салдары 15 жылға созылатынын білесіз бе?» деп жазады хабарламада табиғат жанашырлары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар