Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Науқастарға қымыз апарып берді - АРҚА АЖАРЫ

Науқастарға қымыз апарып берді

Елімізді індеп дендеп, қазір адамдардың көбі өз денсаулықтары үшін қатты алаңдап отыр. Осындай ауыр күндері өңіріміздің кәсіпкерлері мен шағын шаруа қожалықтары, қарапайым тұрғындар да қолдарынан келгенше медицина мекемелеріне көмек көрсетуде. Солардың бірі «Елнұр» шаруа қожалығы. Кәсіпкер Әдебиет Сағдолданың отбасы Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының коронавируспен күресіп жатқан бөлімшесіне 40 литр қымыз апарып беріпті.  

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақта. Қымыз апарып бергендерін естіген соң, шаруашылық иелеріне хабарластық. Қарапайым жандар екен. Зеренді ауданының Ақадыр ауылында тұрады. Қожайынның келіншегі Ұлбикеш Дарияханның айтуынша, ауруханада олардың ешкімі де жатқан жоқ, бар болғаны ауырып жатқан адамдарға ем болсын деп апарыпты.

–Пандемиямен күресіп жатқан ауруханалардағы дәрігерлер наурыз айынан бері өздерінің отбасымен қауыша алмай, қызмет бабында жүр. Олар ұлт денсаулығы үшін күресуде. Біздің шаруашылығымыз кіші-гірім болғандықтан, қаржылай көмек бере алмасақ та, қолымыздағы барды беруді жөн көрдік. Күн-түн демей науқастарға ем-дом жасап жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Сонымен бірге, біз індетке шалдыққан адамдардың барлығына бірдей көмектесе алмасақ та, бірді-екеуінің өмірін сақтап қалуға сеп болсақ дедік. Қымыз ата-бабамыздан келе жатқан емдік қасиеті мол киелі сусын ғой. Оның құрамында денсаулыққа пайдалы дәрумендер көп. Әсіресе, иммунитетті көтеруге пайдалы. Сондықтан, қымызды ауруханаға апарғанымызды дұрыс деп шештік, – дейді қожалық иесі.

Өткен апталарда еліміз бойынша коронавирус індеті қатты таралып, адамдардың көбі пневманиямен ауырып, дәрханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алғаны белгілі. Осындай ауыр да күрделі сәтте ел болып бірігіп, қарапайым жұртшылықтан бастап, кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қолындағысын беріп жатты. Біршама аппараттар мен қорғаныс құралдары, су, демалу аппаратына қажетті баллондар стационарларға апарылып, көмек көрсетілді.

Отағасы Әдебиет Сағдолда мен зайыбы Ұлбикеш Дарияхан 1992 жылы алдыңғы көшпен Монғолиядан Қазақстанға – ата-бабасының тарихи Отанына қоныс аударған екен. Алғашқыда Солтүстік Қазақстан облысының Қызылту ауданында тұрып, кейін 1998 жылы Ақмолаға, зерлі Зерендінің Ақадырына қоныс аударған. Шөбі шүйгін, суы нәрлі, табиғаты көркем жерде мал өсіруді қолға алған отағасы «Елнұр» шаруа қожалығын ашып, отбасымен осы кәсіпті дөңгелетіп келеді. Шаруашылықта ірі қара мен жылқы бағылады. Келген уақыттағы бір биені осы күнге дейін 8-9 биеге дейін көбейтіпті. Бие байлап, қымыз дайындап, сиыр сауып, одан май-қаймақ ажыратып отырған шаруашылық өнімдерін ауыл арасында, дүкендерге, облыс орталығындағы сауда орталықтарына өткізеді екен. Қазіргі уақытта қымызға сұраныс көп дейді. Күн сайын тапсырыс түсіп, тіпті жетпей қалатын кездері болады екен.

Қожалық иелері алты баланы дүниеге әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беруде. Үлкен қыздары облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігер болып жұмыс істесе, одан кейінгі ұлы мұғалім екен, қалған балалары мектеп қабырғасында білім алуда.

–Дәрігерлеріміз дін аман болып, елімізден індет біржола кетсін. Бұрынғыдай жайма-шуақ, алаңсыз күндеріміз тезірек оралса екен, – дейді Ұлбикеш Дарияхан.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар