Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың Өзбекстанның Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары жайлы бір үзік сыр
Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов жайлы осы күнге дейін талай пікірлер айтылған шығар. Үкілі Ыбырайдың ауылында өсіп, Ақан серінің елімен етене араласқан, қаламы мен қайраткерлігі біте қайнап, азаматтығы мен адамгершілігі асқақ абзал ағамызды өз басым өзім үшін өмірдегі ең үлгі тұтар тұлға санаймын. Оның ешқандай әбестігі де жоқ шығар. Өйткені, жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл атамыздың «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деген тамаша тұжырымы бар.
Кім білсін, халқымыздың атақты ақыны Асқар Тоқмағамбетов атамыз:
Бір емшектен егіз туған,
Бірі – Сырдың, бірі – Әмудің.
Дариясына бетін жуған,
Ел боп қатар егіз тұрдың, –
деп жырлағанындай, бір ананың екі анары іспетті осы екі дарияның бойында жасап, еншісі ешқашан бөлінбеген қазақ, қарақалпақ атты екі ел мен егіз ұлттың ұрпақтары арасында менен басқа да талай жігіттер «Менің кумирім – Кәкімбек» дейтін болса, ешқандай таңданудың қажеті жоқ. Қалай дегенде де балғын балалық шағын сұлу Көкшенің бойында өткізіп, ақындық пен сазгерліктің қайнар көзінен сусындаған, әншілік пен серілікке әуес болып өсіп, өзінің ғана емес, ұлтының да абыройын асқақтатуға өзіндік үлес қосқан азаматты үлгі тұтпау мүмкін емес. 500-ден аса өлеңіне 60-тан аса қазақ композиторы ән жазған ондай ақын да аз шығар!
Ол кісі мұның бәріне таза шығармашылық іспен айналыспай, әртүрлі басшылық қызметтерде жүріп-ақ қол жеткізген. Қызмет болғанда да Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтын бітірген соң Жезқазған шахталарында кен қазып, аттай алты жыл шахта бастығы, Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы, Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, сол облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеп, кейін 10 жылдай СОКП Орталық Комитетінде инспектор, 5 жыл Өзбекстанда Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 3 жылға жуық КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология комитетінің төрағасы сияқты мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде істеп жүріп те қолынан қаламын бір сәтке тастамаған. Керек десеңіз, ол қоғам өміріндегі келеңсіздіктермен әрі басшы, әрі ақын ретінде күрескен, осы жолда әншілік пен сазгерлік қабілетін өзіне медеу етіп, ешқашан рухын түсірмеген қазақтың қайсар да күрескер ұлындай көрінеді маған.
Біртұтас Кеңес халқын қалыптастырамыз деген желеумен өзге ұлттарды билеп-төстеген әділетсіз саясаттың кесірінен құрдымға кетіп бара жатқан алып империяны құтқарудың бір амалы ретінде «Қайта құру» жарияланатын тұста, 1984 жылдың тамыз айында Кәкімбек аға Салықов аумағы жағынан бүкіл Өзбекстанның үштен бірінен астамын, нақтырақ айтсақ – 37 пайызын алып жатқан Қарақалпақ АССР-іне партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Келді де азамат-ақын бүкіл адамзатты алаңдатқан, Кеңес өкіметі жасырып келген Арал апатының бет пердесін ашып, мұң-мұқтажына білек сыбана кірісіп кетті. Келмей тұрып-ақ ондағы ағайынға марқұм Жақсыгелді Сейілов ағамыз әуен жазған «Жез киік» әнімен жақсы таныс азаматты ежелден егіз туып, өсіп-өнген соң қыз алысып, қыз берісіп құдандалы, жекжат-туыс болып кеткен жүрегі бір, жыры ортақ, бақыты бір, мұңы ортақ елдің тұрғындары әділ патша келгендей құшақ жая қарсы алды.
Сөйтіп, тәртіп пен жауаптылықты, әділдік пен адалдықты ту етіп ұстаған жан аймақты мекен еткен түбі бір туысқан халықтардың ауыр да азапты өмірлерін көріп, екі жылдан аса кеңестік кеңселердің бәрінде өз ойлары мен ұсыныстарын күндіз-түні тынымсыз дәлелдей жүріп, алдымен 1986 жылы 17 наурызда КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің №340 «Қарақалпақ АССР-інің экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету шаралары туралы» қаулысын шығартуға қол жеткізді. Онда 1990 жылға дейін республикада 52 мың гектар суармалы жерді айналысқа енгізу, 25 мың гектар суармалы жерді күрделі жөндеуден өткізу, 10 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту, 10 мың гектар жердің суғару жүйелерін қайта құрып, жаңғырту міндеттері белгіленді. Бұл – негізінен мақта және күріш өсіру, мал шаруашылығымен айналысатын аграрлы аймақ үшін үлкен қамқорлық еді. Нөкіс қаласында Арал теңізінің проблемаларына арналған Өзбек КСР Ғылым Академиясының көшпелі сессиясы ұйымдастырылып, оған Мәскеу, Ленинград қалаларындағы және Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан мен басқа да республикалардан әртүрлі 78 мекеме өкілдері қатысты. Бұл кезде Арал теңізінің деңгейі 41,10 метр белгісіне дейін төмендеген еді.
– Бастаған ісін аяқсыз тастамайтын қайраткер бір мезгіл де тыным тапқан жоқ. Кеңестік жүйенің одақтық кеңселеріндегі қаншама бюрократиялық кедергілерді терең білімі, қайтпас қайсарлығы, қажымас күрескерлігінің арқасында жеңе отырып, 1988 жылы 19 қыркүйекте КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің №1110 «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту, оның бассейніндегі су және жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру мен қорғауды күшейту шаралары туралы» қаулысының қабылдануына тікелей бас-
тамашы болып, үлкен еңбек сіңірді. Өйткені, Арал теңізінің тағдыры, оның айналасындағы экологиялық ахуал өте ауыр еді. Осының бәрі аймақтағы табиғи орта мен климаттық жағдайға айтарлықтай кері әсер етті.
Әмудария мен Сырдария өзендерінің жағасындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды, жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғауды жақсарту, 1990 жылдан бастап, теңізге кемінде 8,7 миллион текше километр көлемінде су түсуін қамтамасыз ету, 1995 жылға оны 11 текше километрге, 2000 жылға қарай – 15-17, ал, 2005 жылға – 20-21 текше километрге жеткізу міндеті тұрды. Кәкімбек Салықұлы осы міндеттердің орындалуына аянбай тер төкті. Ұзындығы 250 шақырымнан асатын «Түйемойын-Нөкіс-Тақтакөпір» су құбырының салынуына тікелей басшылық етіп, республика халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешті. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы кең етек жайып, жаңа мектеп, балабақша, ауруханалар мен емханалар бой көтерді. Мұның бәрі республика тұрғындарының келешекке деген сенімдерін нығайтып, бүкіл елді еселі еңбекке жұмылдырды. Жалпы, Кәкімбек Салықұлының Қарақалпақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы-
на қосқан үлесі ұшан-теңіз, – дейді кезінде Нөкіс қалалық атқару комитетінің төрағасы, кейіннен Хожелі ауданының әкімі, облыстық партия комитетінің хатшысы, бірнеше рет Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің депутаты болып сайланған қоғам және мемлекет қайраткері Сапарбай Нұрқожаев ағамыз.
(Жалғасы бар).
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері.
(Арнайы «Арқа ажары» үшін).