Бұланды ауданына қарасты Данилов селосындағы «Қайрат» шаруа қожалығының құрылтайшысы Сағадат Қабыкенов ауылда туып өскен, шаруашылықтың жайын жақсы білетін іскер азамат. Ол басқаратын шаруа қожалығы егіншілікпен бірге, мал шаруашылығын да қоса дамытып келеді.
Осыған орай, жыл сайын малға қажетті жемшөп қорын жасауға жете көңіл бөлінеді. Биыл көктемде, жаздың басында болған жаңбырдың арқасында шөп шығымы жақсы болғанымен, маусым, шілде айларындағы қатты ыстық шөп сапасына кері әсерін тигізді. Соған қарамастан, шаруа қожалығы қыстан қысылмай шығуға керекті шөп қорын жасауда.
Шаруа қожалығы биылғы шөп шабуға шөп шабаны агрегатымен «МТЗ», екі «Кировец» тракторларын және шөп таситын тіркемесі бар «КамАЗ» автокөлігін шығарды. Шабындықта жұмыс тоқтаусыз қарқынды жүргізілуде. Науқанға техниканың қыр-сырын меңгерген білікті механизаторлар Дәулет Жүкенов, Николай Перепичко, Азамат Қабдуәлиев, Менат Екібасов және көлік жүргізушісі Бегайдар Айтжанов қатысып, жемшөп қорын дайындау жұмыстарына айтулы үлестерін қосуда. Шөпті маялау жұмысын атқаратын механизатор Менат Екібасовтың еңбегін ерекше атап өткен артық болмас. Ол жүргізетін «Белорусь» тракторы ескі болғанымен, тәжірибелі механизатордың техникасын тоқтаусыз жұмыс істеуде. Уақыт өткен сайын шөп маялары биіктеп келеді. Яғни, биылғы қысқа жететін жемшөп қоры бар деген сөз.
Берік Ескенов.
Сурет автордікі.
Бұланды ауданы.