Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Серікжан Ғабдулин «Мемлекеттік тілдің сот саласындағы рөлі мен маңыздылығы туралы» онлайн семинар өткізіп, сот ісін жүргізуде тіл туралы заңнаманың нормаларын толыққанды қолдануға кедергі келтіретін мәселелер талқыланды.
Онлайн семинарға Ақмола облыстық сотының судьялары және «Zoom» арқылы жергілікті соттың судьялары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары және өкілдері қатысты.
Қоғамдық маңызы бар мәселені талқылау барысында Ақмола облыстық сотының судьясы Нұрсұлтан Рахымберлин «Мемлекеттік тілде қаралған әкімшілік және азаматтық істер мен қабылданған сот актілерін құрастыру сапасы, ондағы мемлекеттік тілді дұрыс таңдау және қолдану тәжірибесі туралы», Көкшетау қалалық сотының судьясы Гаухар Нұрманова «Көкшетау қалалық сотында істердің мемлекеттік тілде қаралуы», Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Қуандықов «Мемлекеттік тіл» тақырыбында баяндамалар жасады.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы С.Ғабдулин семинар жұмысын аша отырып, кіріспе сөзінде мемлекеттің барлық салаларында мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану мәселелерін талқылаудың маңыздылығын саралай атап көрсетті. Бұл ретте, ол «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымызға арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», – деген сөздерінен туындайтын міндеттердің ауқымдылығына айрықша тоқталды.
Баяндамашы бұдан әрі «Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторлары болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Бірақ мемлекеттік тілдің өңіріміздегі сот, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарында қолданылуы бүгінгі күні өзекті сұрақтардың бірі болуда», – деп атап көрсетті.
Ақмола облыстық сотының судьясы Нұрсұлтан Рахымберлин өз сөзінде: «Қазақстанның бүгіні мен болашағына тікелей қатысты, көкейкесті мәселенің бірі – мемлекеттік тіл ахуалы. Елдік қасиетіміздің, ұлттық болмысымыздың өлшемі, мемлекет Тәуелсіздігінің басты нышанының бірі – мемлекеттік тіл екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттық құндылығы ешуақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп жиынның маңыздылығына тағы бір екпін түсіріп, мемлекеттік тілді қолдану жолында кедергілерді жеңу керектігін айтты.
Семинарды қорытындылай келе,
облыстық сот алқасының төрағасы Серікжан Ғабдулин: «Мемлекеттік органдардың соттарға талап қою арыздарын барынша мемлекеттік тілде жолдануын және тіл таңдау құқығын сақтай отырып, істі мемлекеттік тілде жүргізу бойынша бақылауды күшейту, сондай-ақ сот ісін жүргізу тілі жөніндегі заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдау туралы ұсынысын білдіріп, хаттамаға енгізу қажеттігін атап өтті.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.