Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс елімізге оңай келмегені белгілі. Ол үшін қаншама адам қырылғаны да жаңалық емес. Сол қиын-қыстау заманда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірге соғыстың бар ауыртпалығын көтергендердің бірі – тыл еңбеккерлері. Солардың ішінде Жаскен Нұрмағамбетұлы Шайгөзов та бар.
Жаскен ата 1934 жылдың 16 мамыр айында қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Жаңатілек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұрмағамбет Ұлы Отан соғысына дейін ұйымшарда әр түрлі шаруалар атқарып, алты баланы асырау үшін жұрт қатарлы еңбек еткен. 1941 жылдың күзінде соғысқа аттанады. Ұлдардың үлкені болғандықтан, Жаскен атамызға отбасын асырауда ерекше салмақ түседі. Сол кезде ол небары 7-8 жаста болған екен. Әлі бала болса да, әкесінің орнына қалғанын, мойнына үлкен жауапкершілік түскенін сезінген. «Бір күні шөлдеген өгіздер маған бой бермей, жақын маңдағы суға ала тартты. «Жарайды, су ішіп алсын, мен кешкі тамаққа үйге аздап бидай апарайын», деп кішкене дорбама масақ жинап жатыр едім, біздің ұйымшарға бара жатқан уәкіл менің қасымнан өтіп, масақ жинағанымды көріп қойды. Ауылға жеткен соң ауылдың бригадиріне айтып, ұрсыпты. Өгіздерді қайта жегіп, жұмысыма кірісіп жатқанымда бригадир жетіп келіп, әй-шәй жоқ мені дырау қамшысымен сабай бастады. Қамшының соққысынан барлық денем қып-қызыл қан болды», – деп өкінішпен еске алады Жаскен ата.
1943 жылдың басында әкесі Нұрмағамбет соғыстан мүгедек болып оралады. Соғыста қолында мина жарылып, саусақтарын жоқ қып жіберген, сонымен қатар, денесінде 16 жарықшақ қалып қойған ол кісі ауылға келгеннен соң да бірден еңбекке араласа алмады. Есесіне Жаскен атамыз «Барлығы майдан үшін!» деген ұранмен егістіктің арамшөбін жұлу, масақ теріп, оны қоймаға тапсыру сияқты жұмыстардан бір қолы босамаған. «Соғыс кезінде 1 сиырдан он алты литр сүт, 1 тауықтан 70 жұмыртқа, малдың терілерін ұйымшарға өткізіп отырдық, сүттің тек көбігін ғана жалайтын едік, бір тойып тамақ ішкенім есімде жоқ», – деп ақсақал тағы бір күрсініп қойды.
1944 жылдың ортасында Жаскен атаның отбасы Көкшетау қаласына көшіп келеді. Әкесі Нұрмағамбеттің денсаулығы сәл де болса қалпына келіп, түзеу мекемесіне мемлекеттік күзетке қызметке орналасады. «Жарты жыл бойы тұратын баспанамыз болмай, соғыстан күйеуі оралмаған 6 баласы бар әйелдің бір бөлмелі үйіне келіп тұрдық. Олар өздері 7 адам, біз 8 адам алақандай жерде 15 адам тізіліп ұйықтайтын едік», – деп езу тартты атамыз.
Көкшетау қаласында тұрған кезде де әлеуметтік жағдайлары жақсармапты. «Бірде дүкенде ұзақ-сонар кезекте тұрып, жарты бөлке нан алып, үйге келе жатсам, артымнан бір адам еріп, қалмай қойды. Арқамда дорбам бар, аяғыма коньки киіп алған едім, үйге дейін жеткізбей қаштым, дәл үйге келгенде артта келе жатқан жігіт бірдеме лақтырды, сол сәтте анам да үйден шығып: «балам-ау не болды?», дегенде бейтаныс жігіт кетіп қалды. Арқамдағы дорбамды алсам, сол жарты бөлке нанға үлкен бір қанжар қадалып тұр екен, заман сондай еді ғой», – деді Жаскен ата мұңайып.
1952 жылы Көкшетау қаласында 7 сыныптық білім алған ол ФЗО жолдамасы бойынша Қарағанды қаласында тау-кен өнеркәсіптік оқу орнына оқуға түседі. Оқуды аяқтап, ағаш, темір шебері, шахтер мамандықтарын игерген Жаскен ата Қарағанды қаласындағы шахталарда әр түрлі жұмыстар атқарады.
1954 жылдың тамыз айында әскер қатарына шақырылып, әскери борышын Краснояр өлкесіндегі теміржол әскерінде бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары лауазымында 3 жыл 5 ай бойы өтеп, аға сержант әскери шенімен елге оралған. Әскерден оралған соң механикалық зауытқа ағаш шебері болып жұмысқа тұрады. Бір жыл жұмыс істеген соң 1958 жылы Көкшетау қаласының комсомол ұйымының жолдамасымен ОК-12 түзеу мекемесіне бақылаушы болып жұмысқа орналасады. Сол жылы өмірлік жары Мәрәні кездестіріп, отбасын құрады.
1960 жылы Көкшетау қаласының жанындағы Алексеевка елді мекенінде жаңадан түзеу мекемесі ашылады. Аталмыш мекемеде Жаскен ата екі жылдан астам старшина лауазымында қызмет атқарады. 1963 жылы қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Гранитный елді мекенінде де түзеу мекемесі ашылып, Жаскен ата сол мекемеде әр түрлі лауазымда әскери қызмет атқарған. 1985 жылы бақылаушылар взводының командирі лауазымында, прапорщик әскери шенімен құрметті демалысқа шығады. Осы салада атқарған 30 жыл адал қызметі үшін көптеген марапаттарға ие болған.
«Ата көрген – оқ жонар» демекші, жалғыз ұлы Марат Қарағанды қаласындағы милиция академиясын тәмамдап, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 жылға жуық қызмет атқарып, әділет полковнигі шенімен құрметті демалысқа шыққан. Қазіргі уақытта үш бала тәрбиелеп өсірген, олардан 6 немере, 7 шөбере сүйген атамыз жан жары Мәрә әжемізбен бақытты ғұмыр кешуде.
Сексенді еңсеріп, тоқсанға аяқ басқан қарт әлі күнге дейін Көкшетау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімге әскери қызметшілерге әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне белсене ат салысып, қоғамдық жұмыстың алғы легінде келеді. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра демекші», Жаскен атамыздың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Бауыржан НҰРҒАЛИЕВ,
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің қызметкері, лейтенант.