Облыста осы күні 557 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 250-і ауылдық шағын комплектілі мектептер санатына кіреді, онда 9,5 мыңдай оқушы білім алады. Бұл ауылдық мектептер жаңа оқу жылын штаттық режимде дәстүрлі форматта бастайды, қалған 307 білім ордасында оқыту қашықтықтан жүргізіледі деп жоспарлануда. Бастауыш, әсіресе, бірінші сыныптарға қашықтықтан оқу қиын екені сөзсіз. Бұл орайда, ата-аналардың өтініші бойынша балалар арнайы құрылған кезекші топтарға барады. Онда бір топта кем дегенде 15 бала болуы тиіс және кезекші сыныптардың қоңыраулары бір-бірімен сәйкеспеуі керек, ең бастысы санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажет.
Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 16 мыңнан астам компьютерлік техника бар, оның 27 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Биылғы жылы компьютерлік паркті жаңарту мәселесін шешу мақсатында 1400 компьютер сатып алыныпты, әлі де 400-ден астам техникалық құрал сатып алу жоспарда дейді мамандар. Ал, бірінші тоқсанда қашықтықтан оқитын оқушылардың 3,7 пайызында және мұғалімдердің 2,4 пайызында Интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ екен. Қашықтықтан оқыту кезеңінде 5299 оқушы мен мұғалімдерге Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін ұялы байланыс операторларының мобильді интернеті бар флэш-карталарын қолданады деп жоспарлануда. Қашықтықтан оқыту кезеңінде дербес компьютерлік жабдықтары жоқ оқушылар мен мұғалімдерге мектеп компьютерлері немесе ноутбуктері уақытша пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, компьютерлік техниканы сатып алу қажеттілігі туралы мұғалімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
–Қашықтықтан оқытылады деп жоспарланған барлық мектептерде Интернетке қол жетімді, олардың жылдамдығы 4 Мбит/с және одан жоғары. Енді бұл білім ордаларындағы Интернеттің жылдамдығын 8 Мбит/с және одан жоғары асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, –дейді В.Гамазов.
Аудандық және қалалық білім беру бөлімдері шалғайдағы мектептерді компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ететін болады. Ол жаңа 2020-2021 оқу жылына мектептердің дайындығын қабылдау кезінде актілерге енгізіледі екен. Сонымен бірге, аудан және қала әкімдіктері білім беру ұйымдарын жеткілікті мөлшерде дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік құралдарымен, нақты айтқанда кіре берістегі қорғаныс төсеніштері, санитарлық тазартқыштар, маскалар, тепловизорлар, қолғаптар және тағы басқа қажетті бұйымдармен қамтамасыз етуі тиіс. Осы мақсаттарға қаражаттың болжамды қажеттілігі 105 миллион теңгені құрайды, яғни шамамен әр мектепке 50-200 мың теңге мөлшерінде ақша кетеді деп болжануда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша облыстық және қалалық бюджеттерде оқушылардың тамақтану, коммуналдық қызметтер мен жол жүру шығындарынан 200 миллион теңге үнемделіпті. Бұл қаржы компьютерлік құралдар алуға жұмсалынады деп жоспарлануда.
2020 жылы оқулықтар мен оқу құралдарын сатып алуға 906 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда өтінімдер жасалып, 19 баспамен 235 келісімшарт жасалыпты. Барлық білім бөлімдері оқулықтарды тасымалдауға тасымалдаушылармен келісімшарттар жасап, оқулықтарды жеткізіп беру ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін аяқталады. Биылғы жаңа оқу жылында барлық сыныптар жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасына көшеді, яғни 11 сыныптар аталмыш бағдарламаға қосылады.
Облыстағы барлық мектептер «Bilimland» және «Kundelik» білім беру платформаларына қосылған. «Bilimland» платформасында қашықтықтан оқытуға арналған «Онлайн мектеп» модулі іске қосылған, онда біріншіден он бірінші сыныпқа дейінгі барлық негізгі пәндер бойынша 3000-нан астам бейне сабақ қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған. Сонымен бірге, педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімдерді қашықтықтан оқыту форматына даярлап, дағдыландыру үшін «Қашықтықтан оқытуға үйренудемін» және балалары қашықтықтан оқитын ата-аналарға түсіндірмелік жұмыстар жүргізу үшін «Бақытты ата-ана –білімді бала» атты арнайы курстар әзірлепті. Облыстың мектептерінде 15 мыңнан астам мұғалім білім беруде. Алдын ала болжам бойынша білім ұйымдарына тағы 400-ден астам маман қосылады деп жоспарланып отыр.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың оқушыларына бюджет қаражаты және демеушілердің бөлген қаржысына компьютерлік техникалар сатып алу қарастырылуда. Бұл акцияға бизнес-құрылымдарының өкілдерін мен аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек қолын созуға дайын барша адамдарды қатысуға шақырамыз, – деді Валерий Гамазов.
Облыста 120 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 8 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі күні 18 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған нысандар бойынша жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Өңірде үш ауысымды 12 мектеп бар, олардың төртеуі Көкшетау қаласында, екеуі Аршалы ауданында, алтауы Целиноград ауданында. Бұл орайда, Целиноград ауданында 2820 орынға арналған 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қоянды және Қосшы ауылдарында 1200 орыннан қамтитын екі білім ордасы, Қажымұқан ауылында 300 орындық, Қараменді батыр ауылында 120 орындық мектептер салынуда. Көкшетау қаласы бойынша №1, 4, 6, 13 мектептердің жанынан қосымшща корпустар салынып, жалпы 1680 орын қосылады. Ал, ағымдағы жылы Аршалы ауданының Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында 300 орыннан екі мектеп салына бастайды. Оған қоса, Раздольное селосында 80 орындық, Шұбар ауылында 300 орындық мектептердің құрылысына жобалық-сметалық құжатамалары әзірленуде. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы елдімекендерді дамыту аясында Қосшы ауылында тағы бір 1200 орындық мектеп салуға қаржы бөлінуде. Жалпы, үш ауысымдық мектептердің мәселесі 2023 жылға дейін толық шешіледі деген жоспар бар.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша әзірленетін «Әліппе» оқулығының қайта оралуы барша ата-аналар мен бастауыш сынып мұғалімдерін қуантуда. Келесі оқу жылынан бастап, бірінші сыныптар «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» бағдарламасы мен «Ана тілі» пәнін оқитын болады. Оларды құрастыру жұмыстары басталып кетіпті. Ал, орыс тілінде оқитын оқушылар «Букварь» және «Обучение грамоте» бағдарламаларын өтеді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.