«Aitas KZ» акционерлік қоғамы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірге «Ауыл мектебі» жобасын іске қосты.
Жуырда «Aitas KZ» акционерлік қоғамы мен Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы «Ауыл мектебі» жобасын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, ауылды елді мекендерде оқушылардың 46 пайызы білім алады. Себебі, елдегі мектептердің 49,4 пайызы шағын жинақты мектептер болып саналады. Одан бөлек ауылдағы мектептердің әсіресе, оқу құралдарымен жеткілікті деңгейде жасақталмауы мен білім алу мүмкіндіктерінің төмен деңгейі ерекше байқалады. Сондай-ақ, соңғы 10 жылда 15 жасқа дейінгі қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығын халықаралық зерттеу нәтижелері алғаш рет сауаттылық деңгейінің төмендегенін көрсетіп отыр. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 37 балды құраған.
Жоба бастамашыларының ойынша, қоғамның, билік пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығы ауылды аймақтарда тұрақты даму стратегиясын жүзеге асыруға және Назарбаев Зияткерлік мектебі тәжірибесін елдегі жалпы білім беретін мектептерге трансфер жүргізуге мүмкіндік береді. 2011 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдары өз тәжірибесін елдегі орта білім беру жүйесіне трансляциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – ұйым жұмысының басымдыққа ие әрі стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады.
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі халыққа арнаған Жолдауына сәйкес, әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңінде және қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім беру сапасы алшақтап жатқан уақытта, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында алты аймақтың әкімдігі «Ауыл мектебі» жобасын пилотты режимде бастау үшін 14 білім беру мекемесін іріктеп алды. Аталмыш жоба аясында дербес білім беру ұйымы оқу және тәрбие беру процесіне, оның ішінде сабақтарды бақылап, оқу жетістіктеріне мониторинг жасай отырып зерттеу жүргізді. Мониторинг нәтижелері негізінде оқушыларға әдістемелік қолдау көрсетілді. Мұғалімдерді кәсіби тұрғыда шыңдау және материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді, мектептерді дамытудың жос-пары жасалды,–деді жоба жайлы
Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдары басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Назарбаев Зияткерлік мектебі іске асыратын жобаның негізгі міндеттері – мектеп инфрақұрылымын түгендеу және ауылдағы білім беру қызметінің сапасын арттыру. Өз кезегінде «Aitas KZ» акционерлік қоғамы мектептердің жабдықталуын қамтамасыз етіп, жобаны қаржыландырады. Жергілікті атқарушы органдар мектептерде жөндеу жұмыстары мен жаңа оқу жылына дайындықты жүргізеді.
– Ынтымақтастықтың осындай форматы аймақтардағы қазіргі білім беру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе елдің басқа аймақтарында да осыған ұқсас жобаларды дамытуға жол ашады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің жалпы білім беру саласындағы мүмкіндіктері ауылдық мектептер деңгейінде де, елдің басқа қалаларының деңгейінде де қызықты. Жобаның жүзеге асырылуы өз нәтижесін сөзсіз көрсетеді. Алайда, қазірдің өзінде қол жеткізген жетістігімізді оң нәтиже деп бағалауға болады,– деп атап өтті «Aitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықпаев.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.