Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Гималайдан Көкшетауға дейін - АРҚА АЖАРЫ

Гималайдан Көкшетауға дейін

(Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Көкшетау» поэмасындағы бір сюжеттің түп-төркіні туралы)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

IV. Кең пейілді кейіпкерлер

(Соңы. Басы өткен санда).
Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауында» әйгілі үнді сюжетінің алғашқы бөлігі ғана қолданылған. Яғни, поэмада ескі сюжеттің ұрлыққа қатысты бөлігінің ізі де жоқ. Шынында да, ізгілікті мұрат еткен Сәкен шығармасына сюжеттің бастапқы жағы ғана әр бере алатыны анық еді.
Бір қызығы, тұтқынға түскен қалмақ қызының аузынан «Осылардың қайсысының ерлігі артық?», – деген сөз айтылғанымен, «Көкшетау» поэмасында ежелгі ескерткіштерден тамыр тартатын бұл сауалға тікелей жауап берілмейді.Сондықтан, тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақтың қайсысының ісі артық екенінің басы ашылмай қалады. Қыздың тағдырына жаны ашыған елдің оны бағалауға да мұршасы болмайды. Олай болса, «Сәкен ақын бұл сауалды кейіпкерінің ойына неге салды?», – деген тағы бір сұрақ туындайтыны сөзсіз. Шынында, бұл мәселенің шешімі мынау еді. Дәл осы тұста қыздың аллегориялық әңгімесінің жұмбағын шешіп, оның бүкіл өмірін жиылған жұртқа баяндап беріп, босатуды өтініп, ханнан сауға сұраған Адақ батырдың ерлігі ілгері-кейінгі аңыз кейіпкерлерінің түрлі әрекеттерінің бәрінен артық екені белгілі.
Академик С.Қасқабасов «Жанр жағынан бұл – ежелгі Үндістанның тәмсілі (притча). Ал, осы сюжетті С.Сейфуллин қайдан алды, ол жеке мәселе. Біздің мақсат – басқа: аталмыш сюжетті ақын қалай пайдаланған? Ол өзінің идеялық-шығармашылық мақсатына қарай ескі фольклорлық сюжетке үлкен әлеуметтік жүк артқан, өмірдегі моральдық-этикалық қайшылықтарды ашу үшін қызды жаугершіліктің қызығына түсіп, қарапайым жұртқа зорлық-зомбылық жасағандарға қарсы қойған, ол үшін ақын фольклорлық шығармадағы кейіпкерлерді өзгертіп, оларға символдық мағына берген, сол себепті қалмақ қызы өзінің өмірін, ойын жұмбақтап айтады», – деп тұжырымдап, бұл сюжеттің қазақ әдебиетін ілгерілетуге қаншалықты үлес қосқанын зерделеуге ден қояды.
Енді ежелгі сюжеттің уақыт бедерінде қалай дамығанына тоқталайық.
«Веталаның жиырма бесінші әңгімесінің» Шивадаса нұсқасындағы «Қайырымды қарақшыда» кейіпкер төртеу-ақ. Оның біреуі – көпестің қызы, қыздың жүрегін жаулаған жігіттердің екеуі де – ауқатты адамның перзенттері. Төртінші кейіпкер – қарақшы. Оның өзі бойжеткенмен жолыққан соң ниетін өзгертіп, бірден жағымды кейіпкердің кейпіне енеді. Тақырыбы «Қайырымды қарақшы» делінгеніне қарамастан, қызға жақсылық жасаған үшеудің қайсысының әрекеті айрықша бағалауға лайық деген сауал қойылады. Қызды өбектеп жүрген екі жігіттің қасында оған алғаш рет жолығып, еркіне қоя берген ұрының қайырымдылығы ерекше екені қисындылық жағынан дау тудырмайды.
Ал, сол әдеби ескерткіштің Джамбхаладатта нұсқасында сюжет сәл-пәл өзгеріске ұшырайды. Бұл жерде екі көпестің ұлдарының арасында додаға түскен көпестің қызына ұрыдан бөлек зұлымдықтың бейнесі – ракшас жолығады. Оны қазақ ертегілеріндегі жын-пері немесе жезтырнақпен салыстыруға болар. Сюжеттегі бұрыннан белгілі төртеудің қатарына аңыз-ертегілердің жағымсыз кейіпкері қосылады. Өмірі жемтік іздеп жүретін ракшастың өзі бұл жолы ізгіліктің алдында бас иіп, қызды босатып жібереді. Солай бола тұра, жақсылық жасағандардың ең тәуірі ретінде оның емес, күйеу жігіт Кандарпаның аты аталады. Сонда-ақ күйеудің «мырзалығына» қызғаншақтығы себеп болғаны да тұспалданады.
Екі түрлі нұсқада баяндалған бұл сюжетте қыздың сертке берік болу қасиетін қадірлей білгендердің іс-әрекетіне баға берілсе, «Тотынама» мен «Данышпан қазыда» уәдеге беріктік турасында тұжырым жасалады әрі сол тәмсіл ұрлықтың сырын ашуға қолданылады. «Тотынамада» тәмсілдің кейіпкері төртеу – қыздың өзі, бағбан, қарақшы және қасқыр. Әйгілі әдеби ескерткіштің өзге әңгімелері секілді бұл хикаяда да адам мен жануар белгілі бір оқиғаның кейіпкеріне айналады. Адамзат баласы түгілі аң-құстар әлемі де адалдықтың алдында бас ұрады. Бекет Өтетілеуовтің «Данышпан қазысында» қыздың күйеуі мен жігітінің және ұрының жасаған жақсылығы бағаланады. Сюжеттің барлық нұсқасында да екі жігіт пен ұры-қарақшының бейнесі өзгермейді. Кей нұсқада ракшас пен қасқырдың қосылуы хикаяға аң-құстарды және тылсым дүние күштерін қатыстыру арқылы оқиғаның бояуын қалыңдатып, реңкін арттыру мақсатынан туса керек.
Ал, Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэ-
масында қолданған тәмсілдің кейіпкерлері өзге нұсқаларға қарағанда көбірек. Қыздың өзі айтқандай, тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақтың қайсысының ерлігі артық екені сынға түседі. Ежелгі сюжеттегі қарақшының рөлінде бір емес, үш жапалақ бейнеленеді. Бұл жапалақтар тек қыздың өмірін сақтап қалған қайырымды қанаттылар ғана емес, оны жетелеп ертіп алып, барар жерін та-
уып берген қайратты қамқоршылар ретінде де көрініс тапқан. Тәмсілдің соңындағы сауалға орай осылардың іс-әрекеті ерекше бағаланатын шығар деп шамалайсың. Бірақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, шығарманың авторы жұмбақтың шешімін өзгеше жеткізеді. Сәкеннің сюжетінде тәмсілдің жеке кейіпкерінің іс-қимылы дараланып көрсетілмейді. Оның есесіне аңызда тау бүркіт деп тұлғаланған Абылай ханның қалың әскерінің бір сарбазы, яғни, бүтіннің бөлшегі әрі тәмсіл сыртындағы кейіпкер – Адақ батырдың ерлігі мен ақыл-парасаты дәріптеледі. Шығарманың сюжеті сонысымен де ерекше.

V. Тәсілі бөлек тәмсілдер

Ежелгі сюжетті асқан шеберлікпен өңдеу арқылы өрілген «Көкшетау» поэмасы Сәкен Сейфуллиннің шығыс әдебиетінің үлгілерін жетік білгенін айқын аңғартады. Ол бұл хикаяның түпнұсқалық мысалдарына да жете қанық болған тәрізді. Мысалы, «Веталаның жиырма бес әңгімесінен» басталып, кейінгі көптеген әдеби ескерткіштерге ұласқан әйгілі аңыздың кейіпкерлері адамдар болса, Сәкен ақын бұл сюжетке аллегориялық сипат беріп, өңкей құстардың іс-әрекеті арқылы ой айтады. Мұның өзі адамзат баласының күнделікті тіршілігін, оның ішінде билік иелерінің пенделік болмысын жан-жануарлардың аузына сөз салу тұрғысынан кейіптейтін үндінің арғы тарихындағы ғаламат шығарманың бірі – «Панчатантраны» еске түсіреді. Демек, Сәкен Сейфуллин аталған рухани құндылықтардың бәрімен жақсы таныс болған. Яғни, ол адамдардың өмір сүретін ортасы бейнеленген көне сюжетті өңдеп, осы тақылеттес хикаялардың бастапқы нұсқасына көшіріп, құстар патшалығының мысалына орайластырды. Адам жайын адамға айтқызғаннан гөрі, ежелгі шығыс дәстүрімен аң-құстың тілімен жеткізгенді жөн көрді. Сюжет пен суреттің үйлесімділігін танытқан «Көкшетау» поэмасы – бұл тәсілдің өзін-өзі ақтағанының дәлелі.
Сәкен Сейфуллин ежелгі үнді сюжетін әрлеп-әспеттеп, өзгертіп-өңдегенімен оның өзегіндегі ізгілік идеясын қапысыз жеткізген. Қан майданнан олжалы оралған әскер бір сәт әдеттегі шайқас психология-
сынан арылып, сілтідей тынып, тәмсіл тыңдайды. Құралайды көзге атқан мінсіз мерген, байрақты батыр Адақ көз алдымызда сайыпқыран сарбаздан болмысы бөлек биге, сөзі салиқалы шешенге айналады. Ханмен тең дәрежеде сөйлесіп, сын-сынақтың арқасында өзінің иелігіне көшкен қалмақ қызына бостандық береді. Яғни, автор тәмсіл ішіндегі жұмбақтың шешімін оның сыртындағы кейіпкердің іс-әрекеті арқылы жеткізеді. Аңыздың басты сауалының жауабын әдепкі нұсқалардағы секілді шығарманың кейіпкерлеріне айтқызбайды, оны қалың оқырманның еншісіне қалдырады.
Санасы сергек, сезімі бөлек Сәкен ақын сан ғасырдан бері талай дүниеге арқау болып келе жатқан соғыс пен бейбітшілік идеясын осынау шағын шығармасының өзегіне сыйғызған. Өз поэмасы арқылы қатыгездік пен жауыздықтың фонында адалдық пен әділдіктің сәулетті сарайын тұрғызған. Ақынның жаугершілік заманның жантүршігерлік кейпінен гөрі адами қарым-қатынасты тым айшықтап көрсетіп, декоративті сипат бергеніне қарап, бұл сюжет біздің болмысымызға жақын «Тотынамадан» ғана емес, арғы дәуірдегі үнді ескерткіштерінің өзінен де тікелей алынған болар деп топшылаймыз. Себебі, поэмадан аллегориялық үрдіске көбірек ден қоятын ежелгі үнді жәдігерліктеріндегі оқиғалардың кейіпкерлеріне тән іс-әрекеттерді анық аңғарамыз. Абылай ханның мұздай қаруланған жасағының алдында жасқанбай тұрып, аңыз айтып, өз өмірін құтқарып қалған тұтқын қыздың арғымақ мініп еліне аттануы – Сәкеннің «Тотынамада» және оның түп-төркіні болып саналатын ежелгі ескерткіштерде, сондай-ақ, кейінгі нұсқаларда түрліше баяндалған белгілі сюжетті өңдеп, өзгеше көркемдік шешім тапқанының көрінісі.
Ақын берген сертке берік болу барша адамзатқа ортақ қасиет екенін, бұл құндылықты барлық жұрт қадірлеу керек екенін әркімнің санасына сіңіреді. Ол күнделікті өмірде көп кездесе бермейтін таным-түсінікті бұзып, жаңа ғана жорықтан оралған жауынгерлердің миында ұялаған майдан ахуалын екінші кезекке ығыстырып, бейбіт тіршіліктің жырын жырлайды. Еркіндік алған қалмақ қызын қан-жоса болып жатқан ел-жұртымен қауыштырады. Сөйтіп, ол көне дәуірден біздің заманымызға сан ғасырды аралап жеткен, Гималайдан Көкшетауға дейін жол тартқан сырлы сюжеттің бүкіл функциясын өзгертеді. Оның адалдықты ту етіп көтеретін байырғы идеясына қоса, адамды ұлықтау, жауыздықты жою, еркіндікті бағалау, тыныштықты қадірлеу сынды жаңа міндеттер жүктейді. Бекет Өтетілеуовтің «Данышпан қазысында» аса көп өзгеріске түспеген сюжет Сәкен Сейфуллин поэмасында мазмұны жағынан да, идеялық мұраты жағынан да өзгеше түрге енеді.
Қорыта айтқанда, «Көкшетау» поэмасы –
көне құндылықтарда бірде аңыз, бірде тәмсіл, бірде шағын хикая түрінде баяндалатын сюжетті классикалық көркем әдебиеттің үлгісіне айналдырған шынайы шығарма.

(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар