Облыс орталығы Көкшетау қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер көп. Қаланың барлық аумақтарынан салынып жатқан құрылыс нысандарын көргенде көңілге шаттық ұялайды.
«Делов БК» серіктестігі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаланың «Сарыарқа» ықшам ауданынан 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салуда. Қазір құрылыста қырықтан астам адам еңбек етеді. Қатерлі дертке байланысты енгізілген карантинге қарамастан, құрылыс жұмыстары іркіліссіз жүргізілуде. Қазір үйдің қабырғасы қаланып, жалпы жұмыстың алпыс пайыздайы атқарылды. Үй жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.
– Жыл соңына дейін құрылыс нысанын тапсырамыз деген сенім бар. Әзірге жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Еңбек ұжымында өз жұмысын жақсы білетін білікті мамандар көп. Автокраншы Асқар Әшімов, кірпіш қалаушы Ержан Нығметов, Олег Киреев, Арман Шаймұхан сияқты мамандарымыз көп жылдардан бері осы салада істеп келе жатқан тәжірибелі жандар, – дейді құрылыс учаскесінің шебері Қайырлы Жылқыбаев.
Қазір облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 20 жалға берілетін, 13 несиелік тұрғын үй салынуда. Жыл басынан бері 277,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2375 отбасы қоныс тойларын тойлады.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.
Суреттерде: тағы бір жа
ңа үйдің қабырғасы қалануда; кірпіш қалаушы Е.Нығметов; автокраншы А.Әшімов; құрылыс шебері Қ.Жылқыбаев және Р.Жолтабаров.
Суреттерді түсірген С.Мағзұмов.