Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құрыш қолдар әкелген қуаныш - АРҚА АЖАРЫ

Құрыш қолдар әкелген қуаныш

Қазақстандағы кәсіби мерекелер – өз мамандығының жалауын желбіреткен жандар еңбегінің есебі саналғанымен, оларға деген халық ықыласын, ақ тілек алғыстарын да білдіретін айрықша есте қаларлық күн. Осынау абыройлы саптың алғы шебінде құрылысшылар тұратыны баршамызды мерейлендіре түседі. Республикада құрылысшылар қолымен жыл сайын жаңа тұрпатты өндірістік нысандар, даңғыл жолдар, сәулетті үйлер, мектептер, денсаулық сақтау және мәдениет ошақтары бой көтеруде.

Жалпы, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өркендеуінің айшықты бағамы десек жарасады. Мұның қозғаушы күшін жоғары жауапкершілік, берекелі белсенділік, алаулаған патриоттық сезіммен байланыстырғанымыз жөн.
–Құрылысшылардың жоғары кәсіби шеберлігі мен тәлімді тәжірибесі қашанда айрықша сұранысқа ие екендігі мәлім,–дейді бізбен әңгімесінде Атбасар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асхат Жанабаев. –Өйткені, құрылыс ел экономикасының локомотиві. Олар өздерінің қажырлы еңбегімен сан-салалы әлеуметтік мәселелерді ғана емес, қалалар мен ауылдардың қолайлы инфрақұрылымын қамтамасыз етеді.
Басшы бұл сөздерін аудандағы нақты істермен де негіздеп отыр. Биылдың өзінде Атбасар қаласында екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар көптен күткен қуаныш кілтін алды. Бұған қосымша, 2020-2021 жылдары тағы да 45 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл пәтерлер жалға беру әдісімен бой көтеруде. Биыл өзінің 175 жылдығын атап өтетін қаланың, бүгінгі күні ауқымды құрылыс алаңына айналғандығы жөніндегі қуанышты хабарлар легі қалыңдай түсетініне шәк келтіргіміз келмейді.
«Ауыл ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында Бастау ауылында жастар демалыс орталығының құрылысы жүргізілуде. Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жандандыру, оны қалалық стандарттарға жақындату болып табылады.
Бұл орайда, ауданда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселесін шешудегі игі қадамдарды атап өту қажет. Мәселен, 2019 жылдың соңында «Сепе ауылындағы су тарату желісінің құрылыс» жобасы іске асырылса, қазіргі күні Шуйский селосында дәл осындай нысанның қайта құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Сочинское және Новосельское ауылдарында ауыз сумен қамтудың кешенді жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын білдік.
Құрылысшы күні қарсаңында Мариновка ауылының Ыбырай Алтынсарин және Болашақ көшелерін электр жарығымен қамтамасыз ету құрылысы аяқталды. Бұған қоса, Атбасар қаласындағы №1 шағын ауданды, М.Әуезов, Ағыбай батыр, Ә.Майкөтов, «Олимп» денешынықтыру-сауықтыру кешенінен Нұрсейітов көшесіне дейінгі жарықтандыру жұмыстарының жобалау құжаттары әзірленуде.
Құрылысшы күні мерекесіне орай, саланы дамытудағы елеулі еңбектері үшін Б.Итекеев, Б.Албағысов, А.Тыных, В.Моор, А.Қалиев, М.Хайтбаева, И.Гузева, Т.Темірбеков сияқты ондаған адам аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар