Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген сұхбатын оқып, таныстым. Тіл туралы айтқан пікірі өте орынды және ауқымды. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, әрі мемлекеттік тіл, сондықтан тілімізді біліп, тазалығын сақтап, құрметтегеніміз абзал.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп, ақын Қадыр Мырзалиев атамыз бекер айтпаған. Еліміздің әр азаматы қазақ тілін құрметтеп, оны оқып-білуге міндетті. Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайлылық танытпауымыз қажеттігін Президент өте дұрыс айтып өтті. Ол тіл туралы ойын рет-ретімен жіктеп жеткізген. Біріншіден, әр азамат қандай да бір мемлекеттік қызметке тұрғанда қазақ тілін жетік білуі тиіс, өйткені, ол – елдің болашағы, ел маманы, елі үшін еңбек ететін адам.
Екіншіден, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз және марапаттауымыз қажет деген пікір де өте орынды, себебі елімізді мекен еткен халықтар өз тілімен қатар, қазақ тілін ана тілі ретінде үйренеді, оқиды, құрмет тұтады, қазақ тілінің мәртебесін көтереді. Ал, үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында жіберілетін қателіктерін жеңу үшін, ана тілін шұбарламай, өз білімін жетілдіруі тиіс деп ойлаймын.
Әрине, телеарна және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Өйткені, олар миллиондаған халықтың алдына шығып, еліміз туралы ақпарат таратады, жаңалықтарымен бөліседі. Сондай кезде ана тілінде нық, түсінікті сөйлеуі тиіс.
Үш тілді білу – уақыт талабы. «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Президенттің: «Орыс тілін де оқыту керек. Ал, ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал» деген пікіріне қатысты ойымды былайша жеткізер едім. Әлбетте, тілдің бәрін білуге талпынуымыз керек, дегенмен өз ана тілімізді жоғалтып алмай, оны әрі қарай дамыту өз қолымызда. Өзім мектепте жұмыс істегендіктен, қазіргі кезде өз қарагөздеріміздің балаларын, немерелерін қазақ тілді сыныптарға емес, орыс тілді сыныптарға беріп жатқандығын да көріп жүрмін. Бұл жағдайға іштей қынжыламыз да қоямыз.
Бірақ, әр адамның өз ойы, сана-сезімі, өз ана тіліне деген сыйластығы болуы керек. Бастауыштан бастап, жоғары сыныптарға дейін қазақ тілін үйрету үшін сағат саны да кемімей, керісінше көбеюі тиіс. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін пән мұғалімдері тарапынан да үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біз үшін маңыздысы – ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпау, тарихымыздың, мәдениетіміздің, ана тіліміздің қаймағын бұзбай сақтау.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.