Қазақстан Республикасында сот жүйесін жетілдіру бойынша көптеген реформалар сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде республикамыздың сот жүйесінің жұмысының сапасы уақыт өткен сайын артып, сот жүйесінде электрондық сот төрелігі қарқынды дамып келеді.
Электрондық сот төрелігін пайдалану оңай әрі қолжетімді. Соның бірі сот жүйесінде кеңінен қолданысқа енген «Сот кабинеті» сервисі. Бұл жүйені пайдаланудың қолайлылығын азаматтарымыз алғашқы күндерден бастап-ақ аңғарды десек қателеспейміз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты өзінің интернет-ресурсында «Талдау» форумы атты талдамалық ақпараттық жүйені іске қосты. «Талдау» форумының түпкі мақсаты сот актілерін жүйелеу және оларға мониторинг жүргізу, нақты іс санаттары бойынша сот тәжірибесін талдау болып табылады. Сервис барлық іс санаттары бойынша сот практикасына жедел қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сөйтіп, соттар қызметіне деген халық сенімін арттыруға бағытталған.
Ол істер санаттарының бірыңғай жіктеуші кодекстерінің, заңдар мен республика соттарында қаралған істерді жіктеу нәтижелерінің құрылымын ескере отырып құрылған. Нормативтік-құқықтық базаны өзгертуге жедел ден қоюды «Талдау» форумының тиімді жұмыс істеу шарттарының бірі деп айта аламыз. Соңғы кезде қазақстандық сот төрелігі жүйесі қоғам үшін неғұрлым қолжетімді әрі ашық бола түсті. Сот істерін қарау сапасы мен жеделдігін арттырудың тұрақты үрдісі байқалады.
Сәния МҰСАЙ,
Көкшетау қаласының мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы.