Ақмола облысында барлық меншік түріндегі 4000-нан астам субъект күзет қызметімен қамтылған.Қазіргі уақытта облыс аумағында 23 орталықтандырылған бақылау пульті жұмыс істейді. Қауіпсіздік саласы қауіпсіздік пен құндылықтардың сақталуын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін адам ресурстарын және техникалық құралдарды қамтиды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімі төтенше жағдайларды болдырмау, мүмкін болатын дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, тонау, ұрлық және басқа да қылмыстық қол сұғушылық фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ, алдын алу шараларын қабылдау мақсатында облыс орталығының өнеркәсіптік аймақтарында орналасқан жеке кәсіпкерлік объектілерінің басшыларымен объектілердің және оларға іргелес аумақтардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Қазіргі уақытта жеке күзет ұйымдары 1034 жеке күзет бекеттерін қою арқылы 527 объектіні күзетуде. Күзетілетін пәтерлердің жалпы саны 4246 пәтерді құрайды, оның ішінде орталықтандырылған бақылау пультімен (ОБП) күзетілетін – 3760 пәтер және адам күзететін – 486 пәтер бар.
Күзет дабылы құралдарын монтаждауды, реттеуді және оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын фирмалар пәтерлер мен кеңселерге заңсыз ену мен өртке қарсы әрекет ететін күзет мониторингі жүйесін орнатады. Бұл фирмалар үй-жайларды бейнебақылау, кіруді бақылау жүйелерімен, домофондармен және иесін қорғауға арналған басқа құрылғылармен қосымша жабдықтай алады. Бүгінгі таңда күзет дабылы жабдықтарының нарығы әр түрлі және халықтың барлық топтарына баға жағынан да, бренд бойынша да қол жетімді.
«Жеке күзет ұйымдары сауда құрылымдарында, банктерде, кәсіпорындарда, кеңселерде, сондай-ақ, тұрғын үй кешендері мен көп пәтерлі үйлерде қолданылатын адамдармен күзету бекеттерін қою қағидаты бойынша қызмет көрсетеді», – деп түсіндірді күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Мұстафин .
Күзет қызметінде жұмыс істейтін Planar мобильді қосымшасын пайдалану нысанды тәулік бойы бақылау үшін ұтымды, атап айтқанда, оның ыңғайлылығын жеке бизнес иелері жақсы бағалады. Қазіргі уақытта оған кәсіпкерлер қатарынан 161 азамат қосылған.
Сонымен қатар, Android және IOS операциялық жүйелері негізінде смартфонның кез-келген пайдаланушысы 2018 жылдың шілдесінде техникалық пайдалануға енгізілген «Дабыл түймесі» қосымшасын орната алады, 428 абонент қазіргі уақытта оның пайдаланушылары болып табылады.
Күзет агенттіктері тапсырыс берушінің өмірі мен денсаулығын, кеңсе, қойма және демалыс бөлмелерін қорғауға кепілдік береді. Сондай-ақ, олар атыс қаруын, жарақат салу қаруын және арнайы құралдарды қолдана отырып, қарулы күзетуді жүзеге асыруға құқылы. Сондай-ақ, өз қызметтеріне қоса мобильді және радиоландырылған байланысты ұсынады.
Анар КАМАЛИЕВА.