Қазақстанда Армения елінің нөмірлері бар автокөліктерді тіркеу одан әрі жалғасуда.
1 маусымда басталған уақытша тіркеуден Армениядан тек 1 ақпанға дейін әкелінген автокөліктер өте алады. Облысымызда ондай автокөліктер саны 511, бүгінгі күні оның 407 иесі анықталған. Көкшетауда армян нөмірлері бар 199 автокөлік уақытша тіркеуге алынды. Облыстың 46 шетелдік темір тұлпар иесі тіркеуден Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан өткен. Полиция қызметкерлерінің жүргізген арнайы рейді барысында 18 көліктің сатылғаны, екеуінің жойылғаны, он бірінің шетелге шығарылғаны және он бесі өзге облысқа тіркелгені анықталған. Бүгінгі күні тіркеуге алынбаған автокөліктер жетерлік.
Облыстық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Аслан Бұқановтың айтуынша, уақытша тіркеуге алынбаған 75 автокөлік қалған екен. 1 қыркүйекке дейін әлі уақыт бар. Тездетіп тіркеулері қажет. Әйтпесе, мерзім өткеннен кейін 590-шы бап бо-йынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа алынады. Бүгінгі күні Армения елінің нөмірлері бар автокөлік иелері үшін арнайы Call-орталықтар ашылды. Мұнда полиция қызметкерлері азаматтарға аталған көлікті тіркеуге қатысты кеңестер береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.