Атбасар ауданының Хрящевка ауылында тұратын үйі өртеніп, үш баласынан айырылған отбасына жаңа пәтердің кілті тапсырылды.
Қайғы жұтқан отбасына бұл пәтер кәсіпкерлер мен тұрғындардан жиналған 17 миллион теңге қаржыға сатып алынып отыр. Аудандық әкімдік қайғылы жағдай орын алысымен, осы көмекті ұйымдастыруды қолға алған.
– Жерлеу рәсіміне көмектестік, қажетті медициналық қызмет көрсетіліп, психолог маманның көмегі ұсынылды. Кәсіпкерлер бірлесіп баспана мәселесін шешуді де қолға алған екен. Жиналған ақшаның бір бөлігіне пәтер сатып алынса, қалғаны түгел аталмыш отбасының қолына тапсырылды. Осыған байланысты аудан тұрғындары атынан қиын сәтте қол ұшын созған адамдардың барлығына алғыс айтамын, – дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.
Өз кезегінде зардап шеккен отбасының мүшелері де кәсіпкерлер мен тұрғындарға баспанамен қамтамасыз етіп, материалдық көмек көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.