2019 жылы аймақ спортшылары бағындырған белестер мол. Өткен жылдың үлесінде 1 мыңнан астам медаль барлығын айтқымыз келеді. Соның 700-ге жуығы алтын мен күміс, қалғаны қола жүлде. Ал олжа салған байрақты бәсекелердің дені әлемдік және халықаралық деңгейдегі жарыстар екендігі жерлестерімізді мерейлендіре түседі.
Қазақстандық каратэшілер осы аралықта төртінші рет әлем чемпионы атанса, саңлақтар сапында халықаралық дәрежедегі әлем чемпионы көкшетаулық Әділ Тәшім де бар. Ол каратэ-додан әлем, республика чемпионы. Жалпы облыста спорттың бұл түрімен 500-ден астам адам шұғылданады. Сондай-ақ, өңірде биатлон, шаңғы, бокс және ауыр атлетика сияқты спорт түрлері жақсы дамыған.
Ақмолалық 400-ден астам спортшы еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында өнер көрсетуде. Олардың ізбасарлары да аз емес. Мәселен, былтыр аймақтағы 24 адам халықаралық санаттағы спорт шебері атанды. Ақмолалықтар Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміртас Жүсіповті, атбасарлық Виктор Литвиновті, спорт ардагері Ғалым Құлтасовты мақтан етеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.