Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Аталған құрылымдардың белсенді қызметі нәтижесінде ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Мұның өзі, Жолдауда атап көрсетілгеніндей, «қарапайым заттар экономикасын» білгірлікпен алға жылжытуға байланысты болмақ. Бұл орайда жергілікті билікке ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай жүргізу міндеттеледі.
Өткен жылдардың тәжірибесі Атбасар ауданының әкімдігі кең салалы жұмыста біршама ұтымды қадамдар жасағанын көрсетеді. Аудан әкімі Аманбек Қалжановпен әңгіме барысында қалта дәптеріміз оралымды істер мысалымен қалыңдай түскен еді…
Ауданда 2019 жылы 321 миллион теңгенің 13 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 86 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Әлгі қаржыға дүкендер, дәмханалар және сауда үйлерінің құрылысы жүргізілген. Ал, биылғы жылы 570 миллион теңгеге бағаланған 7 жоба жоспарланып, жұмыс ауқымы кеңейіп отыр. Бұлардың ішінде «Арип Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 400 ірі қараға арналған бордақылау алаңы, «Интер Трайд» ЖШС жылына 11,5 миллион дана жұмыртқа шығарылатын, жалпы қуаты 50 мың мекиенге арналған тауық фермасы бар. Аталған жобалардың біріншісіне 100 миллион, екіншісіне 215 миллион теңге инвестициялық қаржы құйылмақ.
Былтыр аудан еңбекшілері 21 миллиард теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Өсім негізінен өңдеуші кәсіпорындардың ілкімді жұмысынан байқалады. Мәселен, Атбасар электровоз жөндеу зауыты 9,8 миллиард теңгенің (2018 жылғыдан 31,8 пайыз), «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорны 2,8 миллиард теңгенің (12,1 па-йыз), ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және диодты электр шамдарын шығарумен айналысатын «Atbasartehnopark» сервистік серіктестігі 608,3 миллион теңгенің (өсім 31,8 пайыз) өнімін дайындап, салық түсімін арттырған.
Өңірдегі 6500 адамды біріктіріп отырған шағын және орта кәсіпкерліктің 2300 құрылымы өңірлік дамуға елеулі үлес қосуда. Мұндағы бөлшек сауда айналымы 10,6 миллиард теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға өскен.
Екінші деңгейлі банктер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 283 миллион теңгенің алты несиесін берді. Бұл қаржы кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруға, азық-түлік дүкенін, жылдам дайындалатын тағамдар асханасын және техникалық қызмет көрсету стансасын ашуға жұмсалған. Ал, 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен кәсіпкерлер 686 миллион теңгенің сегіз несиесін иеленіп отыр.
Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер, биылғы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының маңызды 5 жобасын қаржыландырыпты. Атап айтсақ, өнімді қайта өңдеу бағытындағы «Баха Соне» ЖШС қолға алған екі жобаны іске асыруға 535,8 миллион теңге, егіншілік саласындағы «Жансап» ЖШС – 4,9 миллион теңге, «Жасыл 2017» ЖШС – 8,2 миллион, «Радон Анро» шаруа қожалығы 3 миллион теңгенің несие қаражатын пайдалануда.
Жалпы, 2020 жылы негізгі капиталға 3 миллиард 611 миллион теңге қаржы салынғаны аудандағы экономикалық серпілісті байқатады (физикалық көлем индексі 132,9 пайыз). Өйткені, инвестициялық өсім 2019 жылғы деңгейден 32,9 пайызға артып отыр. Осының нәтижесінде әртүрлі қолданыстағы техникалар мен жабдықтар сатып алынып, тұрғын үйлер және өндірістік нысандар салынды, темір жол желісі күрделі жөндеуден өткізілді.
Биыл аудан өміріндегі үлкен оқиға – Атбасар қаласына 175 жыл толуы атап өтілмек. Тарихы да тәлімі де мол аймақ мерекелі жылдың мерейін асыра түсетініне жоғарыдағы мысалдар елеулі алғышарт қалыптастырады деген сенімдеміз.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.