Биылғы жылы егін шаруашылығы үшін ауа райының қолайсыз болуына қарамастан, ақмолалық диқандар мол астықтан үмітті. Сол себепті, шаруалардың алдында жайқалып, бітік шыққан егінді уақытылы орып, мол астықты төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу міндеті тұр.
Қазіргі кезде облыстағы астықты өңірлер Жарқайың, Жақсы және Атбасар аудандарының диқандары егінді іріктеп оруды бастаса, өзге өңірлердегі шаруашылықтар егіннің пісуіне қарай науқанға кірісуге дайындалуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бұл науқанға бірсыпыра дайындықпен келіп отыр. Жаңа астықты жинауға көмек көрсетіліп, шаруаларға арзандатылған жанар-жағар май берілді. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан дәнді дақылдармен айналысып жатқан шаруашылықтарға 70 миллиард теңгенің шамасында субсидия бөлінді. Ендігі міндет осы науқанды ұйымшылдықпен өткізу.
Науқан енді басталғандықтан, бүгінгі күнге дейін облыста 52,3 мың гектардың егіні орылып, 40,6 мың гектары бастырылды. Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 9,4 центнерден астық жиналуда. Бұланды ауданында гектар берекесі 14,1 центнерден айналуда. Орақ науқанын өткізуде Жарқайың, Жақсы және Атбасар аудандарының диқандары белсенділік танытуда. Өзге аудандардың диқандары да ерте пісетін егін алқабын дестеге түсіре бастады.
Биылғы жылы ақмолалық диқандар 4446,7 мың гектарға дәнді және бұршақ дақылдарын, 254 мың гектарға майлы дақыл еккен болатын.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Комбайндар алқапқа шықты
Зеренділік аграршылар ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығын елеулі табыстармен қорытындылап, ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жалпы көлемiн 9,5 миллиард теңгеге жеткізді.
–Биылғы көктемгi егiс елде коронавирус пандемиясынан туындаған төтенше жағдай кезінде жүргiзiлдi. Соған қарамастан, 247,9 мың гектардан астам алқапқа жаздық дәнді дақылдар себілді. Бұған қоса, дәндi және бұршақты дақылдар 177,4 мың гектар алқапта орналастырылып, өткен жылдың көрсеткіші артығымен орындалды. Қазіргі күні екпе шөптер, картоп, көкөніс дақылдарының түсімі көңілдегідей, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Сабыров.
Шындығында, биылғы егін орағының алғашқы айналымдары бітік өнімнің берік негізі қаланғанын айқындайды. Қолымыздағы кешегі, яғни, 17 тамыздағы деректерге сүйенсек, ауданның таңдаулы тоғыз шаруашылығы қазірше көш бастап тұрғанын байқаймыз. Мәселен, Күсеп ауылындағы С.Айтхожин басқаратын «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 21562 гектар егістікке шалғы салып үлгерген. Олар 6723 гектар дәнді және 2981 гектар майлы дақылдарын бас-тырып, бірінші орында келеді. Мұнда, қазірше, гектарынан 12,5 центнерден алтын дән, 6 центнерден бұршақ жиналуда. Сондай-ақ, «Викторовский» ЖШС 179 гектар арпа дақылының әр айналымнан 26,2 центнерлік үздік көрсеткішке жетіп отыр. Ал, С.Ерохин басқаратын «Ақжол-2011» серіктестігі гектар түсімділігін 18,7 центнер, Ю.Голимбовскийдің жетекшілігіндегі «Агро 2004» ЖШС 17,8 центнерден айналдыруда. Бұл екі шаруашылық та Бұлақ ауылдық округінің аумағында орналасқан.
Н.Ысқақов басқаратын «Қараөзек», А.Елмағановтың жетекшілігіндегі «Ұмай Жер», С.Қожағұловтың «Алянс Агро Инвесті» қажырлы еңбектің еселі қайтарымына ие болатындығы көрініп қалды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.