Медицина ғылымдарының кандидаты, кардиолог-дәрігер Дәуренбек Нысанов әлеуметтік желіде коронавируспен ауырған адамның тамақтану рационы қандай болуы керек деген сауалға жауап берді.
Жалпы, коронавирус қана емес, кез-келген вирусқа шалдыққан адам сұйықтықты көбірек ішу керек. Мысалы, құрт езген немесе айран қосқан ыстық сорпа, әсіресе, ақжелкен, бұрыш, сарымсақ, көк пияз қосқан қой етінің ыстық сорпасы, имбирь және лимон қосқан шәй, тосап қосылған шәй немесе бал қосқан шәй, сары май қосқан ыстық сүт, қымыз, шұбат, айран ішкен дұрыс екенін растайды кардиолог-маман.
Коронавирустан жазылған соң организмді қалай қалпына келтіруге болады дегенге келсек, ағзадағы улы заттар сұйық тағамдар мен сусынның көмегімен сыртқа жылдам шығады. Сол себепті сұйықтыққа немқұрайлы қарамаған жөн. Сондықтан, сұйықтықты көбірек ішіп терлеген жағдайда ағзаңызды уландыратын токсиндер термен бірге сыртқа шығады, дене қызуыңыз төмендейді, иммунитетіңіз белсенді түрде коронавируспен күреседі. Сонымен қатар, көкөністерді, жеміс-жидектерді көбірек жеу керек. Мысалы, өрік, бүлдірген, қарақат, сәбіз, қызанақ, қияр, қарбыз, қауын, алма, сондай-ақ арахис, фундук, пісте, грек жаңғағы, асқабақ дәні, миндаль, қырыққабат, қызылша, картоп және тағы басқалары күнделікті ас мәзірінде болуы тиіс екенін де баса айтады кардиолог-дәрігер Дәуренбек Нысанов. Олардың құрамында азғаға керекті иммунитетімізді көтеретін дәрумендер, амин қышқылдары, көмірсулар, майлар, макро-микроэлементтер бар екені сөзсіз. Сондықтан, аталған тағамдарды жиі пайдаланып, денсаулығымызға бейжай қарамай, барынша санитарлық режимді сақтағанымыз дұрыс болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.