Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп атап көрсетілген.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және қағаздарын жүргізу тілі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» өкімі республикамыздың барлық соттарында қолданылады. Қазіргі таңда іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақтардың хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Тіл – ұлт келбеті. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның негізінде қазіргі таңда мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін біршама жұмыстар атқарылып, бағдарламалар қабылданып жатыр. Мемлекетіміздің соттарында іс және сот өндірісін жүргізу толығымен мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдардың сотқа жолдайтын құжаттары да мемлекеттік тілде рәсімделіп келеді.
Беделді сот жүйесін қалыптастыру үшін әр судьяның алдында кәсіби деңгейін жүйелі түрде жоғарылату міндеті тұр. Қазақтың біртуар жазушысы Ахмет Байтұрсынов: «Ана тілінде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен құрметтесең ғана өзгелерге де ана тіліңді құрметтете аласың» дегендей, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қазақтың қара шаңырағының астында тұрып жатқан, елім, жерім деген әрбір азаматтың борышы деп есептеймін.
Ілияс КӘКІМ,
Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу
сотының төрағасы.