Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен онлайн режимде Ақмола облысы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.
Кеңес отырысына «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шет тілі» пәндеріне жетекшілік ететін қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері және аталған пән мұғалімдері қатысты. Жиынның мақсаты тілдік пәндерді оқытуда оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау технологиясымен танысу үшін ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсету болып табылады. «Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ләззат Құрманғалиева 2020-2021 оқу жылдарындағы жаңалықтармен бөлісті, қашықтықтан оқыту мен критериалды бағалау қалай жүзеге асырылатындығы туралы ақпарат берді.
Тіл мамандары пандемия кезінде қашықтықтан оқыту, критериалды бағалау, оқушылармен басқа да жұмыс түрлерін ұйымдастыру туралы ойларымен бөлісті. Бұланды ауданы Макинск қалалық мектеп-лицейінің мұғалімі Рина Шерияздан «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні сабағында қашықтықтан оқыту форматындағы жұмыстың тиімді формалары мен әдістері», Ақкөл ауданы Урюпинка орта мектебінің мұғалімі Гүлнәр Қылышбекова «Заманауи сабақты жобалау және қашықтықтан оқыту жағдайында мотивация мәселелері», Жарқайың ауданы Тасты-Талды орта мектебінің мұғалімі Виолетта Громина «Қашықтықтан оқыту жағдайында 1-сыныпта білім беру үдерісін ұйымдастыру», Біржан сал ауданы Макин орта мектебінің мұғалімі Мәнсия Әбжанова «Қашықтықтан оқыту кезінде білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі мен әдебиет пәндері бойынша дарынды оқушылармен жұмыс», Аршалы ауданы Жібек Жолы орта мектебінің мұғалімі Айсұлу Жұмабекова «Оқу процесінде өзін-өзі бағалау және өзара бағалау әдістерін тиімді қолдану»,
Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әлия Мұсайыпова «Ағылшын тілі» пәні
бойынша оқушылардың білім сапасының мониторингі» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Қатысушылар қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, білім беру процесін ұйымдастырудың заманауи формалары мен әдістерімен танысты. Пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Отырыс соңында мұғалімдер көкейтесті сұрақтар қойып, жауаптар алды.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.