Ақкөл ауданында құрылған мониторингтік шұғыл топ бүгінге дейін отыздан астам рейд өткізіп, дәріхана, сауда нүктелері, тамақтандыру орындары, дүкендер сияқты нысандардың коронавирус індеті кезіндегі қызметтеріне талдау жасады.
Кемшілікке жол берген оннан астам лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның қорытындылары мониторингтік топ отырыстарында қаралып, ақпарат құралдарында жария етілді. Бұл жұмыстар жалғасын табуда.
Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 17 тамыздан бас-тап өңірде карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы қаулысының күшіне енуіне байланысты мобильді топ жұмыс ауқымын кеңіте түспек. Бұның алдында, яғни, 14 тамыз күнi өз қызметiн қайта бастауды жоспарлап отырған бизнес нысандарына тексеру жүргiздi.
Кәсiпкерлiк нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерді сақтауын тексеру нәтижесiнде, бизнес иелерiнің басым бөлігіне дайындық актiсi берiлді. Нысан жұмысқа кіріскеннен кейiн мобильдi топ одан әрi оның қызметiне мониторингтi жүзеге асыруды жалғастырады.
Бұл орайда, мониторингтiк мобильдi топ негізінен төмендегі мәселелерге назар аударатын болады: нысандардың кiреберiстерінде дезинфекциялық төсенiштің, келушiлер мен қызметшілерге арналған антисептиктің, бетперде мен қолғаптың болуы, үй-жайларды әр 3 сағат сайын жинау кестесi, дезинфекциялық құралдарының апталық қоры және оны қолдану жөнiндегi нұсқаулық, медициналық тексеру және қызметкерлердiң санитарлық кiтапшасының қолда болуы, тағы басқалары.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.