Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әл-Фараби мен Абайдың түсінік-ұстанымдарындағы сабақтастық - АРҚА АЖАРЫ

Әл-Фараби мен Абайдың түсінік-ұстанымдарындағы сабақтастық

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабиден мың жыл кейін өмір сүрген данышпан Абайдың еңбектері мен Фарабидің түсінік, ұстанымдарының ұқсастығы, сабақтастығы қайран қалдырады. Алыптардың арасындағы ақыл-ой байланысы мен сабақтастығы ғасырлар көшін көктей өтіп, үндестік тапқаны ұлылық адамға берілетін Жаратқанның үлкен сыйы екенін дәлелдей түскендей.

Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», – дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді.
Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ, сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басын қосып, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» – депті деген қорытындыға келеді.
Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені, ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал, бо-йына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни, ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары Әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғарасың. Ғылым  мен білімді дамытып, ерекше көңіл бөлгенде ғана – еліміз  көркейіп, қарыштап алға  басатынын ғұламалар қалай  көрегендікпен айтқан десеңізші.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зерттеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт. Сонымен қатар, ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді.
Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінде де, Әл-Фараби айтып кеткен ойлар сабақтасады. «Абайдың қара сөздері тұнып тұрған философиялық ой. Сол себепті де «философиялық трактаттар» деп айтуға әбден болады», – дейді абайтанушы ғалым Ә.Дастанұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар