Қазақ «ауру – астан» деп текке айтпаған. Аурудың көбі ас арқылы келетінін бүгінгі медицина да растайды. Асқазан ауруларының көбеюі, артық салмақ мәселесінің пайда болуы, орташа өмір сүру деңгейінің қысқарып, қартаюдың жеделдеуі – бәрі дұрыс тамақтанбаудың салдары десек, асыра айтқандық болмас.
Тарихы мыңдаған жылдарға кететін қытай медицинасында адамның денсаулық жағдайын ішіп-жейтін тамағына қарап анықтау тәсілі қолданылады екен. Етті, майлы тағамды көп жейтіндердің арасында артық салмақтан азап шегіп, бүгінде белең алып кеткен қан тамыры, жүрек аурулары көп кездесіп жатады. Керісінше, вегетериандардың арасында мұндай құбылыс көп кездеспейді. Осыған орай, соңғы жылдарда адамдардың арасында ет тағамдарынан бас тартып, вегетериан болуға ынталылар қатары өсе түсуде.
Қазақтың тағы бір жаман әдеті – жатар орынға тоя тамақ ішу. Ұйықтар алдында тойып тамақтану асқазанды ғана емес, жүйке жүйесінің жұмысын да бүлдіреді. Өйткені, тойып тамақ ішіп ұйықтаған кезде ас қорытуға жауап беретін мидың белгілі бір учаскелері үздіксіз жұмыс жасайды. Осыған байланысты қанша ұйықтағанына қарамастан, адам таңертең бойы ауыр тартып, өзін нашар, әлсіз сезінбек.
Соңғы жылдарда әлемнің әр түкпірінде шикі ас жейтіндер қатары көбеюде. Олар негізінен көкөніс пен жеміс-жидектен жасалған салат, басқа да тағамдарды жейді. Мұның бір артықшылығы – азықтың бойында барлық витаминдер мен қуат беретін пайдалы заттар түгел сақталады. Сондықтан, осындай отқа бұқтырылмаған, қайнатылмаған тамақ жейтіндер аз тамақтан көп қуат алады және асқазанға онша салмақ түспейтіндіктен, түрлі асқазан ауруларынан аман болады. Оның тағы бір артықшылығы – шикі тағам жейтіндерде артық салмақ болмайды, жастығын ұзақ сақтап, ұзақ өмір сүреді.
Қазақстанда бүгінде шикі тамақты нәр ететіндердің саны – 300-ден асып жығылады екен. «Мир-24» арнасына берген сұхбатында алматылық Әсел Қисықова шикі тағамның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігі жайлы әңгімелейді. Үш жылдан бері осындай тамақтану әдісіне көшкен ол бүгінде көкөніс пен жеміс-жидектен жасалған көптеген тамақ дайындау тәсілдерін меңгерген. Осы кезең ішінде ол ауру дегенді ұмытқан және өзін әрдайым сергек, жеңіл сезінеді.
Денсаулығыңызды ойлап, кәрілікке бой алдырғыңыз келмесе, ішіп-жейтін тамағыңыздың жеңіл және сапалы болу жағына көңіл аударыңыз.
Қалкөз ЖҮСІП.