Қорғалжын ауданында бақтақ (форель) балығын өсіретін кешеннің құрылысы басталмақшы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жоба АҚШ-тың «AGSO Corporation» компаниясының инвестициясы есебінен жүзеге асырылуда. Жылдық қуаты 500 тонна бақтақ балығын өсіретін жабық типтегі кешеннің құрылысы үшін 100 гектар жер телімі бөлінген. Жер телімінің топографиялық түсірілімі мен геологиялық жұмыстар жүргізілді.
– Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді. Қазіргі кезде нысанның нобайы келісіліп, электр желісін тарту мәселесі шешілуде. Жақында асфальт төсеу және көгалдандыру жұмыстары басталады. Жоба 2021 жылдың екінші тоқсанында толық жүзеге асырылады, – дейді «Taga Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Тәнкиев.
Өңірде балық шаруашылығы бақтақ өсірумен ғана шектелмейді, облыс аумағында жоғары сапалы балық сататын сауда нүктелері бар. Айталық, Қорғалжын ауданы табиғаты әсем, флора және фаунаға бай өңір. Мұнда ЮНЕСКО-ның қорғауындағы әлемде теңдесіз қорық орналасқан. Енді өңір бай ихтиофаунасымен де тамсандыра алады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.