Әлемді жайлаған коронавирус індеті адамзат баласының төзімділігін, ұйымшылдығы мен бір-біріне деген жанашырлығын сынға салуда. Бұл ретте, «Біз біргеміз!» ұранын көтерген зеренділік мейір жүректі жандар да жерлестеріне көмекке келді.
Осы арқылы олардың пандемияға қарсы күресті қуаттандыра түскенін ризалықпен атап өтуге тиіспіз.
Осынау күрделі кезеңде жерлестеріне демеу болғандардың қатары өсе түскені жан жадыратады. Қазірдің өзінде қайырымдылық көмек қаржысы 50 миллион теңгені жағалатып отыр. «Алтынтау Көкшетау», «Азия Агрохим» акционерлік қоғамдары, «Milk Projeсt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Алиев» жеке кәсіпкерлігі сияқты ауданның іргелі кәсіпорындары тұрмысы төмен отбасыларының бір айлық сұранымындағы 1051 азық-түлік себетін қамтамасыз етсе, «Алтынтау Көкшетау» фабрикасы 50 отбасының әрқайсысына 30 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті.
Жомарт жандар Зеренді аудандық ауруханасы мен Шағалалы дәрігерлік амбулаториясының жанынан ашылған провизорлық бөлімшелерге 14 оттегі концентратын, 23 пульсоксиметрін сыйға тартып, 1,1 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін жеткізді. Сондай-ақ, «Milk Project» ЖШС провизор қызметкерлерін апта сайын сүт өнімдерімен, «Көкшетауминводы» АҚ және
«Арай» ЖШС минералды суларымен қамтамасыз етуде.
Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті мен Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледжінің басшылығы провизорлық қызметке тартылған медицина қызметкерлеріне тұрмысқа қолайлы жатын орындар бөлді. Мұндай игі шаралар жалғасын табуда.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.