Ақмола облысы Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына алғашқы күннен бастап белсене қатысып келеді. Астананың сауда нүктелерінен бүгінде облысымыздың шаруашылықтары өндірген азық-түлік өнімдерін көптеп кездестіруге болады.
Биылғы жылы облысымыздың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері жалпы құны 41 миллиард теңге болатын 41 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олардың бәрі Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты жобалар. Тарата айтар болсақ, жыл соңына дейін 4 асыл тұқымды мал бордақылау алаңы, 8 тауарлы сүт фермасы, 12 ет бағытындағы мал өсіру кешені, 6 ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорыны, 5 астық және картоп сақтайтын қойма салынбақшы. Оған қоса, екі құс өсіру кешені мен екі балық өсіретін су қоймасын іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, екі суармалы егіс алқаптарын құру жобасы да бар.
Қазіргі күні жалпы құны 3,6 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл басынан бері облыс шаруашылықтары Елорда сауда орындарына 85,4 мың тонна сүт және сүт өнімдерін, 17,2 мың тонна ет пен ет өнімдерін, 184,2 миллион дана жұмыртқа жеткізді. Облыс шаруашылықтары астана тұрғындарын жұмыртқамен толық қамтамасыз етеді және сүт, ет, көкөністің де басым бөлігі ақмолалықтардың үлесінде.
Жоғарыда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы бойынша облысымыздың шаруашылықтарының үлесін көбейте түседі және жаңадан жүздеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.