«Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» атты тақырыпта Ақмола облысы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі болып өтті. ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде өткен тамыз кеңесінің отырысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, бірқатар аудандардың басшылары, ұстаздар қауымы қатысты.
Тамыз кеңесінде облыстағы жаңа оқу жылына жүргізіліп жатқан дайындық, соның ішінде мектептерде қашықтықтан оқыту мәселесін жан-жақты шешу бағытындағы қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгіме болды.
Жаңа оқу жылында облыс мектептері 132 мыңнан астам оқушыға есігін ашады, оның шамамен 15 мыңы бірінші сынып оқушылары. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 554 мектептің ішінде шалғайда орналасқан, әрі оқушы саны аз 311 мектеп жаңа оқу жылын штаттық режимде бастамақшы. Қалған 243 мектеп қашықтықтан оқытады.
Облыста оқушылар мен педагогтардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселені шешу үшін оқушыларға Wi-Fi роутерлер, ұялы байланыс операторларының мобильді интернеті бар флеш-карталар берілетін болады. Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі оқушылар мен педагогтар үшін айына 990 теңге тұратын жеңілдетілген «Білім» тарифтік бағдарламасын іске қосу бойынша мобильді операторлардың өкілдерімен келіссөздер жүргізуде.
Бұл тарифтік бағдарлама мұғалім мен оқушы арасында шексіз қоңыраулар соғуға, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі белгілеген білім беру ресурстарына тегін қолжеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда барлық мектептер «Bilimland», «Дарын онлайн», «Kundelik» ақпараттық білім беру платформасын таңдап, пайдалану үстінде.
Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігі телесабақтарды дайындау бағытында жұмыс жүргізуде. Сабақтар республикалық Балапан және Еларна телеарналарында қазақ және орыс тілдерінде көрсетілетін болады.
-Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі индикатордың бірі мектепке дейінгі балаларды тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету. Біздің облыс бойынша 3-6 жастағы балалар 100 пайыз қамтылған, ал алдағы тұрған міндет 2025 жылға дейін 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткішін 85,3 пайызға жеткізу. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұру және жолдама алу қызметі автоматтандырылған, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.