Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алғыстарының бәрі дәрігерлерге арналды - АРҚА АЖАРЫ

Алғыстарының бәрі дәрігерлерге арналды

Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығынан коронавирус ауруына шалдыққан соңғы екі науқас жазылып шықты.

Ақ халатты абзал жандар пациенттерді үйлеріне салтанатты жағдайда шығарып салып, кезекті рет заманауи тәсілдердің және дәрігерлердің еңбегінің арқасында қатерлі індетті жеңіп шығуға болатынын дәлелдеді.
–Мен мұнда тамыздың 19-ында өте ауыр жағдайда түскен болатынмын, – дейді Жақсы ауданының тұрғыны Татьяна Борисенко. –Ақ халаттылар бір апта бойы менің өмірім үшін күресті. Олар мені өлімнен арашалап қалды. Дәрігерім Жанар Сағындықоваға, барлық мейірбикелер мен санитарларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл күні Татьяна Борисенкомен бірге ауруханадан жазылып шыққан жарқайыңдық Андрей Бойко да коронавирус инфекциясының азабын тартқан жандардың бірі.
–Алғашында өзімді өте нашар сезіндім. Дәрігерлердің көмегімен міне, аяққа тұрып кеттім, – деген оның да медицина қызметкерлеріне алғысы шексіз.
Коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеген бұл стационар алғашында провизорлық, кейін инфекциялық стацио-нар болып жасақталған. Бірнеше айдың ішінде мұнда 688 науқас емделген. Соның 220-сы Көкшетау қаласынан, 138 науқас Целиноград ауданынан және 38 науқас елордадан жеткізілген. Тіпті, мұнда ем қабылдап, жазылған соң өз еліне кеткен шетелдік те болыпты. Айта кетерлік жайт, стационарда індет жұқтырған жүкті әйелдерден 12 нәресте дүниеге келген.
Әлбетте, ұжымға қатаң санитарлық режимде, індет ошағында жұмыс істеу оңайға соқпағаны белгілі. Дәрігерлер демалыссыз, тәулік бойы тер төкті. Коронавирусы бар науқастардың көбінде басқа да аурулары болған. Сондай кездерде стационарға аудандық ауруханалардан және еліміздің басқа өңірлерінен невропатолог, травматолог, кардиолог, онколог, педиатр секілді мамандар тартылған. Ашылғаннан бері Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының инфекциялық стацонарында 592 адам жұмыс істеген. Олардың жоғары кәсібилігі мен санитарлық талаптардың қатаң сақталуының арқасында стационардың медициналық персоналы арасында індеттің бірде-бір дерегі тіркелмеген.
–Әріптестеріме, біздің стационарға қол ұшын берген облысымыздың медициналық ұйымдарының қызметкерлеріне, облыс басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтқым келеді, – деді облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Қасымжан Тәшметов пациенттерді аман-есен үйлеріне шығуымен құттықтай келе. –Осынау қиын күндері ауруханамызды жабдықтауға және адамдардың өмірін сақтап қалуға қыруар қаржы бөлінді, мұның өзі науқастарға дұрыс ем-дом жасауға көп септігін тигізді. Осы ретте, ұжым мүшелеріне мінсіз қызметтері үшін рахметімді айтамын. Барша ақмолалықтарға және біздің пациенттерге зор денсаулық тілеймін!
Инфекциялық стационар жабылды. Мүмкін, уақытша ма, ол жағы белгісіз. Қазір онда профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Қалай болғанда да, дәрігерлер күздің қара суығында және қыста күтіліп отырған індеттің «екінші толқынына» жете дайындалатыны анық.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар