Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесі мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюына ықпал ететін бірден-бір заңдық тұғыр, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжат. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Республикасының Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен.
1993 жылғы алғаш қабылданған Конституцияның мәні мен маңызына келер болсақ, негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт мәселеге жауап беруі тиіс еді. Біріншіден, мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден, экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден, жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл төрт мақсатты шешіп беретін баптар алғашқы Конституция-да қамтылмады. Уақыт өте келе, заман ағымына, уақыт талабына қарай, алғашқы Конституциямыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Сондықтан, екі жыл өткен соң 1995 жылдың 30 тамызында қазіргі Ата Заң – Конс-титуция қабылданды. Тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция болды. Қазір келтіріп жүрген мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты.
Қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің алғашқы жиынтығы Қасым хан хандық құрған кезде 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданғаны тарихтан белгілі. Оны қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. Бұл заң бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1628 жылдар) тұсында «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз XVII ғасырдың аяғы немесе XVIII ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. Есім ханның қол астына қарайтындар және оның кейінгі ұрпақтары Есім ханның жаңалығына «Есім ханның ескі жолы» немесе «Есім салған ескі жол» деген ерекше атау берді. Бұл Есім ханның саяси қызметі мен оның негізгі құқықтық ережелерінің мағыналы атауы. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.
Бүгінгі Коституциямыздың басқа Конституциялардан артықшылығы – ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық» деп атап көрсетілген.
Ел заңды, өз құқықтарын білу үшін заман талабына сай шығарылып жатқан заңдарды мұқият әрі зерделей тұрып оқуы керек. Өз құқықтық білімдерін үнемі жетілдіріп, басшылыққа алып отыру қажет. Сонда ғана заңсыздықтардан зардап шекпейді, өзінің құқықтары мен бостандықтарын кез-келген орында қорғай алады.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп, олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Қазақстан Республикасы Конституциясының идеяларын, қағидаттарын және нормаларын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретіні анық. Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асыру, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың
міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады.
Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек. Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі көрсетілген құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық. Әрине, Қазақстан халқының құқығы тек Конституция қабылдаумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің барлығымыздың, яғни, Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағымыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас. Кез-келген демократиялық мемлекеттің таңдаған өркениетті бағыты бойынша өз дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Дүние жүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылға жуық дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция тәуелсіз дамуға сеп болып қана қойған жоқ, құжаттың нормативтік әлеуеттері демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі» десе, бүгінгі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді» деп атап көрсетті.
Қазақстан тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституция-мызды құрметтеп, қорғау, оның маңыздылығын жоғары қою республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.