Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы даладан шыққан ұлы ойшыл - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы даладан шыққан ұлы ойшыл

Еуразияның апайтөсінде орналасқан Ұлы дала – қазақ даласынан руханияттың талай жарқын тұлғалары шыққаны тарихтан мәлім. Ұлы даладан шыққан Шоқан, Ыбырай, Абай есімдері Алаш баласына жақсы таныс болса да, Фараби есімі өз топырағында соңғы жүз жылдықтың аясында ғана мәлім бола бастады. Бұл тұрғыда Қазақстанда Фарабитанудың негізін қалаған, ұлы бабамыздың есімін, еңбектерін танытып, насихаттауда қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанидің еңбегі ұшан-теңіз.

Ол Сырдарияның Арысқа құятын тұсындағы көне Отырар (арабша Фараб) қаласындағы әскербасы отбасында дүниеге келген. Ғұламаның толық аты-жөні: Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл Фараби ат-Түркки деп жазылатын болған. Мұндағы «тархан» сөзі екі нәрсені аңғартады. Біріншіден, әл-Фарабидің түркі тектес ру-тайпалардан шыққанын білдірсе, екіншіден, оның ата-бабасы дәулетті, қыпшақиярлар арасында есімі белгілі кісілер болғанын көрсетеді. Өйткені, қыпшақ тайпаларының атақтылары ғана ежелгі әскери дәстүр бойынша «тархан» деп аталатын болған. Балалық шағынан асқан зерек, ғылым-өнерге мейлінше құштар болып өскен әл-Фараби алғашқы білімін туған қаласы Отырарда қыпшақ тілінде алған. Кейінірек сол дәуірдің аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдад, Қорасан, Дамаск, Каир шаhарларында болды. Шығыстың осы шаhарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз зергерлерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады.
Әл-Фараби түркі тілімен қатар араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік білген жан. Ғылыми шығармаларын, өлең-жырларын өз дәуірінің рухани ғылыми тілі саналған араб тілінде жазды. Ғұлама ғалым ретінде әл-Фараби ат салыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Ол философия, логика, математика, астрономия, медицина, музыка, тіл білімі, әдебиет теориясы бойынша қыруар ғылыми еңбектер жазды. Алайда, оның көптеген шығармалары ел арасында қолжазба күйінде тарап, бірте-бірте жоғалып қала берген. Фараб еңбектерінің кейбір тізімдері ғана сақталған. Соның өзінде ұлы ғалым еңбектерінің саны жөнінде нақтылы деректер жоқ. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер 117 еңбек десе, түркі ғалымы А.Атеш 160, ал, кеңес ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені қырыққа жуық шығарма (А.Ирисов. Фарабий адиб. Ташкент. 1975, 10-бет). Солай бола тұрса да Әбу-Насыр әл-Фараби осы қырық шақты еңбегімен энциклопедист-ғалым, дарынды әдебиетші, ұшқыр ойлы ақын болғанын толық дәлелдейді. Орта ғасырда Ислам дәуірінде қазақ жерінен көптеген ғалымдар шықты. Әбу-Насыр Әл-Фараби, Ғаббас әл-Жауһари, Исмаил Әл-Жауһари, Жамал Түркістани, Әл-Сығанақи, тағы басқалары.
Мұсылман мәдениеті ҮІІ-ХІІ ғасырларда шарықтау шегіне жетті. Аса үлкен мәдениет ошақтарының қатарына Бағдад, Дамаск, Куфа, Басра қалалары жатады. Осы кезде Сыр бойындағы Отырар қаласынан болашақта шығыс ғалымдары Аплатон (Платон) мен Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп ат берген, кейін әлемге Әбу-Насыр әл-Фараби болып танылған 16 жасар бала оқу іздеп, керуенге ілесіп, Бағдадқа аттанды. Әл-Фараби шыққан Сыр бойы ежелден көне мәдениеттің ошағы еді. Отырарда Александриядан кейінгі бай кітапхана болғандығын Птолемей жазып кеткен. Ал, Әл-Фарабидің туған қаласы Түркістан маңындағы Отырар екенін ғалым-географ ибн Хаунал әл-Фарабидің замандасы жазған болатын.
Әл-Фараби Бағдатқа келген соң Александрия, Византия ғалымдарынан оқыған, грек, араб тілдерін үйренген. Замандастарының әңгімелеріне қарағанда ол жеті тіл, кейде тіпті жетпіс тіл білген деп айтылады. Әл-Фараби Бағдатқа ең әуелі дарынды ақын, музыкант ретінде танылған. Содан кейін Сайф ад-Даула деген әмірдің тапсырмасы бойынша музыканың заңдылықтарын зерттеп, он екі тараудан тұратын «Музыканың ұлы кітабы» (Китаб әл-музиқи әл-Кабир) атты күрделі еңбек жазған. Бұл кітапта музыканың тарихы, табиғи заңдылықтары, дыбыстардың табиғаты, әуені, оның реті, жеке дауыстан көп дауысқа айналу құбылысын талдаған. Дыбыстың нотаға бөліну заңын және тоғыз шекті музыка аспабының құрылысы, күйшінің шеберлігі жайында ғылыми тұжырымдар айтқан.
Әл-Фарабидің осы еңбегі көп заман Еуропа елдерінде музыка тарихынан оқытылып келген. Оны зерттеген батыс ғалымдары Әл-Фараби ғылымның бар саласында екінші ұстаз болғанымен, музыкаға келгенде, бірінші ұстаз деген баға берген. Әл-Фараби музыка теориясында түбірлі өзгерістер жасаған. (А.Машанов. Әл-Фараби және Абай. 55 бет). Осы кітапты арабшадан француз тіліне Барон де Эрланже аударып бастырған (1930 жыл). Америка ғалымы Г.Фармер де «Араб музыкасының тарихы» деген еңбегінде зор баға берген. Әл-Фараби Сайф ад-Даулаға арнаған алғысөзінде былай депті: «Сен маған музыка жөнінде қолдануға жарарлық бір кітап құрастыруды тапсырған едің. Мен оны тез-ақ орындармын деп ойлағанмын. Ондағы ойым музыка жөніндегі бұрынғылардың жазғандары бар ғой, соларды жөндеп, құрастырып, сол жазғандардың атын сақтап, сонымен орындармын деген едім, ол ойым болмай шықты. Өйткені, музыка жөніндегі жазылған арабша еңбектердің дәрежесі өте төмен болды. Ерте замандарда әлбетте, музыка жөнінде ізгі еңбектер болған ғой. Бірақ, аудармалар нашар ма немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ешнәрсе таба алмадым. Сол себепті бұл мәселені тыңнан жазуға тура келді. Сенің тапсырмаңды көп кешіктіріп орындаған себебім осы!» (А.Машанов. Әл-Фараби және Абай, 56 бет). Осы кітабы үшін Сайф ад-Даула әл-Фарабиден не қалайтынын сұрағанда: «Күнделік қорек қыларлық төрт дерхам берсең болады», – деген. Сөйтіп, қарапайым ғана өмір сүріп, бос уақытын түгелдей ғылымға арнаған.
Әл-Фараби ежелгі грек оқымыстылары Платон, Аристотель, Пифогор, Евклид, Птолемей еңбектерін түгелдей меңгеріп, араб тіліне аударып, дамытқан адам. Грек ойшылдарының еңбегін кейінгі Шығыс ғалымдары әл-Фарабидің түсініктеме-аудармалары арқылы оқыған. Грек ойшылдарын түсіну үшін әл-Фарабидің өзі қаншалықты тер төккені туралы дерек Гегель шығармаларында бар. Онда әл-Фараби Аристотельдің «Жан жайында» кітабын жүз рет, «Табиғат үйлесімін» 40, «Шешендік кітабын» 200 рет оқыпты. Сөйтіп, осы кітаптарды өзі үйреніп қана қоймай, әрі қарай дамытты. Сондықтан, бірінші ұстаз Аристотель болса, әл-Фараби «Екінші ұстаз» деген атақ алды. Фарабидің «Ақылдың мәні туралы трактат», «Данышпандықтың інжу маржаны», «Ғылымдардың шығуы», «Философияны оқу үшін алдымен нені білу керек?», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» («Поэтика», «Риторика», «Софистика», тағы басқалары) сияқты зерттеулері оның есімін әлемге философ ретінде танытты.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-қоғамдық, этикалық көзқарастарын танытатын туындылары да аз емес. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әсіресе, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жайында» деген сияқты еңбектердің мәні ерекше зор. Оның батылдық келбеті «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактатынан көрінеді. Ғалымның осы еңбегі Томас Мордың «Утопиясына» негіз болған деседі. Ең жетілген, адам арманындағы ел қандай болмақ? Ондай бақытты елдің әкімі кісілікті, әділетті, инабатты, батыл, жомарт, өнерді сүйеді. Әл-Фараби бұл шығармасын мамыражай, құт-берекелі елді аңсап жазған. Әл-Фарабидің осы арман қаласы өзінен кейінгі шығыс-батыс ойшылдарына түрткі болған.
Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімінен білеміз. Оның «Өлең кітабы», «Өлең ырғағы туралы», «Ырғақ пен өлең туралы сөз», «Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат» атты зерттеу еңбектері шығыстық және әлемдік әдебиеттануға қосылған зор үлес деп білеміз. Әл-Фараби бұл зерттеулерде ежелгі дәуірдегі араб, парсы және грек поззиясының тарихы, тақырыбы, композициялық құрылысы, өлшемі, шумағы, ырғағы, тармағы, буыны, бунағы, ұйқасы, түрі, мазмұны сияқты теориялық мәселелерді әдебиетші ғалым ретінде жан-жақты зерттейді. Әл-Фарабидің ұлылық келбетін, асқан ғұламалығын, кісілік сипатын, қарапайымдылығын, адалдық, тазалық, имандылық болмыс-бітімін, кішіпейілділігін орта ғасырлық шығыс ғалымдары Әбу Әли ибн Сина, Захаруддин, Әл-Байханий, Жамалуддин ибн әл-Кифтий, ибн Әби Усайбла, Ибн Хаилинан аса таңғала отырып, зор сүйіспеншілікпен жазған.
Сөзімізді қорыта келгенде айтарымыз, ұлтымыздың мақтанышы Әл-Фараби бабамыздың ұлы тұлғасы адамзат мәдениеті мен руханиятының зор биігінде мәңгі жарқырап, өскелең ұрпақ пен келер замандарға рухани тұғыр бола берері сөзсіз!

Гүлнәр ЖАЙЛАУОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің
қазақ филологиясы
кафедрасының аға оқытушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар