Жасанып келген жаудан ел қорғаған батыр, ауыздыға сөз бермеген шешен Киікбай Байғараұлының кесенесі Сергеевка ауылының маңында еді. Таяуда артындағы ұрпағы сайын дала төсінде жаңбыр мен желден тозыңқыраған кесенені қайта жаңғыртып, төңірегін қоршап, абаттандырып, құран бағыштады.
Батыр Киікбайдың есімі елімізді былай қойғанда, Қытай, Моңғолия жерін жайлаған қандастарымыз арасында жақсы мәлім. Батыр шамамен ХVІІ ғасырдың соңында Қағба өңірінде дүниеге келіп, 1740 жылдары Арқа жерінде өмірден өткен. Ел жадында қалған естелікте Арқалықтың Алғадай, Ақөзен аталатын өлкелерінде ғұмыр кешсе керек. Заманында үш жүзге «Киікбай шешен» деген атпен белгілі болған ол жасынан билікке араласып, қазылық құрыпты, жесір дауы мен жер дауына әділ төрелік етіпті. Тілі де қылыштай өткір болса керек. Айбыны асып тұрған батырдың тауып айтқан сөзіне, табанды кесіміне жалпақ жұрт бас иген. Әділдіктен табан аудармаған, көп көңіліндегі күпті жайды жалғыз ауыз сөзімен тарататын Киікбай би айтыпты дейтұғын шешендік сөздер ел жадынан өшкен жоқ.
Мазарды қалпына келтіру жұмыстары Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының ұйымдастыруымен жүргізілді. Жалпы, аталған орталық археологиялық нысандарға мониторинг жүргізу барысында 1793 тарихи және мәдени ескерткіш пен нысан, оның ішінде республикалық маңызы бар 4 ескерткішті, 976 археология ескерткішін, 34 монументтік өнер, 21 қала құрылысы мен сәулет құрылысының ескерткіштерін айқындаған болатын.
–Кейінгі ортағасырлық сәулет ескерткіші, қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапқан, өз дәуірінің қаһарманы Киікбай батырдың мазары 275 жыл бұрын орнатылған. Мазар жанында халық «Киікбай адыры» деп атаған төбешік тұр. Одан әрі кішігірім төбелері бар жазық дала созылып жатыр. Мұнда аңыз бойынша қазақтардың жеңісімен аяқталған жоңғарларға қарсы қанды шайқастар өткен, – деген тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Серік Ысқақов Киікбай батырдың мазары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Атбасар қаласының негізі қаланғанына 175 жыл толуына орай қалпына келтірілгенін атап өтті. Киікбай батыр мазарының реставрациялық жұмыстары мен оны абаттандыру ісі меценаттардың, ұрпақтарының демеушілік ақшасы есебінен қаржыландырылған.
Мазарды абаттандыру мен қалпына келтіру кезінде жерлеу аумағы қоршалып, оған тротуар төселіп, орындықтар орнатылған. Кіреберіс тұсына ұлттық өрнекпен нақышталған және жоғарғы жағында екі мұсылмандық жарты айы бар доға тұрғызылды. Доғаға жақын маңда Құранның сүрелері ойып жазылған кітап түріндегі мәрмәр тақта шағын тұғыр үстіне орнатылған. Мазардың ішінде тас төсемге мәрмәр тақтасымен бірге саркофаг қойылған. Мазардың өзінде батырдың есімі және бөлек QR-коды бар тақтайша жаңартылды. Сондай-ақ, ұлы батырдың есімін мәңгі есте қалдыру үшін үлкен құлпытас та орнатылды.
Батырдың артында төрт ұлы қалыпты. Ұрпағы қазір Атбасар, Семей, Алматы өңірлерін жайлайды. Кесененің ашылуына жаман тұмауға байланысты халық көп жинала алмағанымен, сонау Түркиядан Оңбай атты баласының ұрпағы Зейніш ата ризашылық хатын жолдапты. Қытайдағы ұрпақтарынан да жүрекжарды алғыстары жеткен. Ашылу рәсімі барысында аудан әкімі А.Қалжанов бастаған ұлт жанашырлары сөз сөйлеп, баһадүр бабалардан қалған белгілерге қамқорлық жасау кейінгінің парызы екендігі егжей-тегжейлі айтылды. Батырдың Көбеген есімді үшінші ұлынан тарайтын алтыншы ұрпағы Хазы Бәкейұлының айтуына қарағанда, ұрпақтары 5 миллион 250 мың теңге көлемінде қаржы жинап, кесененің қажетіне жұмсаған.
Орталық басшысы Серік Ысқақовтың айтуына қарағанда, ел мен жерін қадірлей білетін жалпақ жұрт істерге ұйытқы болып, осындай иманды шаруалар алдағы уақытта да атқарыла береді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Атбасар ауданы.