Бұрнағы жылдары ауылда кәсіпкерлер санаулы болатын. Сол санаулы кәсіпкерлердің басым көпшілігінің өзі жеңіл-желпі саудамен ғана айналысатын. Қазіргі таңда кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан қолдау көп.
Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында Егіндікөл ауданының тұрғындарынан да
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін оқытуға осы уақытта 18 адам ниет білдіріп, 16 адам бизнес саласында өз білімін жетілдірсе керек. Бағдарламаның негізінде бөлінген гранттарға сәйкес, Егіндікөл ауданында 5 адам жаңа бизнес идеяларға 200 АЕК мөлшерінде қаржылық көмек алды. Олардың арасында Гүлия Серікбаева да бар. Ол көптен бері армандап жүрген «Бухгалтерлік және салық қызметтерін көрсету» саласында өзінің шағын кәсібін ашуға мүмкіндік алды.
– Мен Нұр-Сұлтан қаласында жоғары білім алып, Егіндікөл ауданының білім бөлімінде үш жылдан астам есепші болып қызмет атқардым. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Өзімнің жеке кәсібімді ашу көптен бергі арманым еді. Бұл ойымды құптаған, маған қолдау көрсеткен жан жарыма алғысым шексіз. Осы идеяны да айтқан сол еді. Күйеуімнің аудан орталығында заң қызметтерін көрсететін өз офисі бар. Бір күні ол маған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтар туралы айтып берді. Сол күннен бастап, алдыма мақсат қойдым. Қазіргі таңда еліміз ауыр кезеңдерді басынан өткеріп жатыр. Аллаға шүкір жаман аурудың беті қайтып келеді. Пандемия өршіп тұрған кезде, бизнес негіздеріне оқи алмаймын деген ой болған, бірақ, маусым айында осы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстың ашылғанын естіп, оқуға жазылдым. Оқу онлайн режимінде өтті. Әрбір оқудың өз қиындықтары болғанымен, маған «Атамекен академия» платформасында онлайн оқыту өте қызықты болды. Бағдарламаны толығымен тәмамдап, өз жобамды жаза бастадым. Оны сәтті қорғағаннан кейін өзімнің бизнес идеямды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 200 АЕК сомасында шілде айында грант берілді. Қазіргі таңда өзімнің офисіме қажетті жиһаз бен керек жарақтарды сатып алудамын. Бұл күнде бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Дегенмен де, өз кәсібімді дөңгелетуіме мүмкіндік алғаныма қуанамын. Бақыт деген отбасыңның амандығы мен өзіңнің сүйікті кәсібіңнің болғаны ғой. Осы арманыма қол жеткізуге мүмкіндік берген мемлекетке алғысым зор, – дейді Гүлия Тұяққызы бізбен болған сұхбатында.
Гүлияның айтуынша, оның негізгі жұмысы бухгалтерлік есеп-қисаппен байланысты. Сонымен қатар, ол электрондық құжаттарды рәсімдеуге де көмектеседі. Алдағы мақсаты айқын, еңбекқор, жас кәсіпкер Гүлияның болашағы зор деуге негізі бар. Қазіргі таңда барлық құжаттар сандық жүйеге көшкен. Алайда, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі бұл жүйенің жай-жапсарын әлі де болса меңгере қоймаған. Осындайда Гүлия сияқты есепші мамандардың қызметі сұранысқа ие болатыны да сөзсіз.
Ағымдағы жылы аудан «Бастау Бизнес» жобасы аясында халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 20 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқыту жоспарланған. Онымен бірге, 11 жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 3 миллион теңге қаржы бөлінген.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.