Достық үйінде Отбасы күні қарсаңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова еңбек әулеттерімен, көп балалы және жарты ғасырдан астам некеде тұрған отбасыларымен кездесу өткізіп, сый-сияпаттар табыс етті.
Елімізде 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні болып белгіленіп, содан бері дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Ал, биылғы жылы Қазақстандағы Отбасы күні 13 қыркүйекке сәйкес келіп тұр. Сондықтан, Айна Ермекқызы ең алдымен, осы жиынға қатысып отырғандарды аталған мерекемен құттықтады.
Отбасы күніне арналған жылы жүзді кездесуге дәрігерлер отбасынан Филатовтар, үшінші буындағы теміржолшылар әулетінен Нұртазиндер, полиция әулетінен Жақсылықовтар, жарты ғасырдай жұптары жазылмай, қол ұстасып келе жатқан Мұқановтар әулеті және арыстай үш ұл мен алтын асықтай қыздарын тәрбиелеп отырған Төлебай отбасылары қатысып, құрмет пен қошеметке бөленді.
Кездесуге қатысқан отбасыларға қысқаша тоқталар болсақ, Виктор мен Людмила Филатовалар денсаулық сақтау ісінің үздіктері. Олар екеуі де 1971 жылы Қарағанды медициналық институтын тәмамдаған. Бірінің жұмыс өтілі 45 жыл болса, екіншісі 49 жыл медицина саласында қажырлы еңбек еткен. Бүгінде сол әулеттің еңбек жолын жалғастырып келе жатқан қыздары Виктория Викторовна Пичкунованың да медицина саласындағы еңбек өтілі 30 жылға жуықтап қалған. Ата-анасының жолын қуған ол Ақмола облыстық балалар жұқпалы аурулары ауруханасының штаттан тыс бас маманы. Ал, үшінші буындағы теміржолшылар әулетінен саналатын Нұртазиндер отбасына келсек, әулеттің басы Болат Қаһарманұлы 44 жыл бір салада еңбек еткен «Құрметті теміржолшы» болса, зайыбы Мария Бекешева да өзінің салиқалы өмірінің 40 жылдам астам уақытын теміржол саласына арнаған. Ұлдары Арман Нұртазин теміржол транспортында еңбек жолын 1990 жылдан бастаса, оның зайыбы Қымбат Нұртазинаның «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының персоналмен жұмыс бөлімінде еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтап қалған. Ал, олардың қыздары Мәдина Арманқызы осы аталмыш саланың өндірістік бөлімінің терроризмге қарсы, азаматтық қорғау және төтенше жағдай бойынша бірінші санатты инженер лауазымында жұмыс істейді.
Өмірлері полиция қызметі жолында өнегемен өрілген Жақсылықовтар отбасында ардагер әке жолын жалғастырған оның бес баласы мен екі немересі бүгінде ішкі істер органдарының белді қызметкерлері. Отбасылық полиция әулеті 1922 жылы туған марқұм Қарбек Жақсылықовтан бастау алған. Оның Бейбіткүл, Айдарбек, Айдар, Раушан Тұрсынбай атты бес баласы әке жолын қуса, олардан туған Әлия мен Әсет те ата өнегесінен өріс алуда. Одан әрі 50 жыл өмір айдынында қол ұстасып бірге жүзіп келе жатқан Краснояр ауылының құрметті азаматы Қайырбек Сүлейменұлы мен Алтын Мұстаханқызы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, жас ұрпаққа өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп келе жатқан абыройлы жандар. Ал, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Алмаз Төлебайұлы мен Гүлзира Болатқызының үлкен ұлдары 8-сыныпта оқыса, ортаншылары да мектеп жасында, ең кішісі балабақшада тәрбиеленуде.
Олай болса, қашанда құрмет пен қошеметке сай, өмір жолдары өнегемен өрілген осындай отбасылар көбейе түссе екен.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.