Қазақстандағы қатты бидайдың төрттен бірін өндіретін ақмолалық диқандар үшін егін жинау мәртебелі әрі аса жауапты науқан саналады. Жылдың төрт мезгілінде тыным таппайтын дала еңбеккерлері маңдай термен өсірілген алтын дәнді шашау-сыз жинап алуда еселі еңбек дәстүрін қалыптастырған. Ауа райының тәуекелдік аймағында орналасқандығына қарамастан, биылғы сын сағаттарда да көңіл өсірерлік мысалдардың көптігі сондықтан.
Биыл облысымызда 4427,7 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар тұқымы себілді. Мұның ішінде бидай 3698 мың гектарды, арпа 651,6 мың гектарды, сұлы 60 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ, тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасымық тұқымдары да былтырғы ауқымнан көп себілді. Осының өзі жұмыс кестесінің мейлінше қатаң сақталуын, әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып қалуды талап етеді.
Орақ жұмыстарына алғашқылар қатарында кіріскен Сандықтау, Жарқайың, Жақсы, Есіл, Целиноград, Аршалы, Біржан сал, Атбасар, Бурабай, Астрахан аудандары бастапқы екпінді төмендетер емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, аталған өңір диқандары бүкіл егістіктің 81-91 пайызын жинап алса. Зеренді ауданы толық аяқтады. Жалпы өңірлік көрсеткіштің 85 пайыздан асуы өзге аудандардың да межеге бүгін-ертеңдері жететінін байқатады.
Қазіргі жағдайды таратыңқырап айтсақ, 14 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс диқандары дәнді дақылдардың 3825,1 мың гектарының астығы бастырды. Қазірше гектар түсімділігі 10,6 центнерден айналуда. Осыған байланысты қырманға жеткізілген астықтың көлемі де 4030 мың тоннаны құрап, былтырғы сәйкес мерзімдегіден анағұрлым асып түсті. Бұған қарап мынадай есеп жасауға болады: жұмыс жоспарында белгіленгеніндей, механизаторлар кешегі күні 266,6 мың гектардың өнімін жинады. Яғни, науқанды алдын ала бекітілген жұмыс күнінде аяқтауға толық мүмкіндік туып отыр. Бұған айтарлықтай негіз де бар. Науқандық жұмыстарға 8145 астық комбайны, мұның ішінде 3 мыңнан астам заманалық жоғары өнімділіктегі техника қатысуда. Бұл аграршылардың егін жинау жұмыстарына 100 пайыз дайындалғанын көрсетеді.
Диқандар қауымы мемлекет тарапынан науқандық жұмыстарға 72,6 миллиард теңге бөлінгеніне, мұның 37,3 миллиард теңгесі қайтарымсыз субсидиялық қаржы екендігіне ризашылық білдіруде. Осындай қолдаудың арқасында агроөндірістік кешендер мен шаруа қожалықтары соңғы үш жарым жылда жалпы құны 23,5 миллиард теңгенің 992 комбайнын, 270 егіс кешендерін сатып алды. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағар май тиісті көлемде қорланған. Ағымдағы жылғы астықты қабылдауға арнайы лицензияланған 65 кәсіпорын жұмылдырылуда. Бұлардың жалпы сақтау сыйымдылығы 4,2 миллион тоннаны құрайды. Айтылғандарға қосымша, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарында шамамен 2,4 миллион тонналық астық қоймалары бар. Ендігі мақсат – осы қуаттарды тиімді пайдалану.
Сондай-ақ, облыс диқандары келесі жылдың молшылығын қамдау мақсатында қазірдің өзінде 515,9 мың тонна тұқым қорын, яғни, межеленген көлемнің 97,4 пайызын сайлап үлгерді. Мұнымен бірге, барлық аймақтарда күзгі жер баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.