Жеңіл автокөліктердегі өрттер көбіне жүргізушілердің өз автокөліктерінің өрттен қорғалуына салдыр-салақ қарайтынын ғана емес, өртті сөндіру бойынша іс-қимылдарға дайындықтарының төмен екендерін көрсетеді.
Мысалы қозғалтқыш бөлігінде өрт шыққан кезде оттегі ағынынан жалынның өршуін болдырмау үшін автокөліктің капотын толығымен ашып тастауға болмайды. Осындай жағдайда автокөлік капотын 3-4 сантиметр ғана кішкене ашып, өрт сөндіргішті жанып жатқан аумаққа бағыттап, өрт сөндіргіш затты себу қажет. Сонымен қатар, жануды табу және оны жою шараларын тез арада қабылдау өте маңызды. Автокөліктерді қазіргі заманға сай етіп жасау кезінде көп жағдайларда полимерлер, пластик және басқа да синтетикалық материалдар қолданылады, олардың барлығы да тез жанғыш.
Мұндай материалдар жанған кезде бөлінетін газдар аса улы. Автокөліктегі өрттердің туындау мүмкіндігін барынша азайту үшін Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасы автокөлік иелерінен автокөліктерін техникалық жарамды жағдайда ұстауды, зауыт нұсқауларының талаптарына сәйкес пайдалануды, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң түрде сақтауды сұрайды. Өзіңізді және өзіңіздің автокөлігіңізді өрттен сақтаңыз!
Есенгелді ҚАЖЫҒАЛИЕВ,
Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар
басқармасының аға инженері.