Достық үйінде «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушы кандидаттардың арасында пікірсайыс болып өтті. Пікірсайысқа партия кадр резервіне іріктеуден өткен үміткерлер, қоғамдық пікір жетекшілері, аудандық және облыстық мәслихаттар депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Nur Otan» партиясы елімізді әрі қарай дамыту бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салатын барша азаматқа праймеризге қатысуға мүмкіндік туғызуда. Билік партиясында партияішілік бәсекеге арналған праймеризді өткізуге барлық қажетті жағдай жасалып отыр. Праймериздің міндеті – лайықты әрі мықты лидерлерді тарту және халықтық партиялық тізім қалыптастыру. Бұл ретте, белсенді әйелдер мен жастар барынша қамтылуда.
Праймеризді өткізу ережелеріне сәйкес, 7 қыркүйектен 3 қазанға дейін үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында қоғамдық пікірсайыстар жүргізеді. Жалпы, Көкшетау қаласынан 30 бастауыш партия ұйымындағы 5 мыңнан астам партия мүшелерінің ішінен 93 партия мүшесі праймеризге қатысуға ниет білдірген.
Міне, ішкі партиялық іріктеуге қатысатын үміткерлер арасындағы алғашқы қоғамдық пікірсайыс басталып та кетті. Ол қоғамдық пікірсайыс өткізу ережелері бойынша 90 минуттан аспайтын екі тур бойынша өтті. Оған «Ақай» сән үйінің директоры Ғалия Алдабергенова, «Достық» балабақшасының меңгерушісі Ирина Маслова, «Той-Дастархан» серіктестігінің директоры Елена Мащинская, Көкшетау қалалық №8 орта мектебінің директоры Нұрлан Мұқажанов, «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің директоры Әсия Шәрімова үміткер ретінде қатысты.
Пікірсайыстың бірінші кезеңінде үміткерлер нақты елді мекендердің проблемаларын шешуге деген көзқарастарын ұсына отырып, білім, денсаулық сақтау, көліктік инфрақұрылым, қаланы жақсарту, ерекше қажеттілікті талап ететін адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытында сайлаушыларға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп берді. Ал, екінші турда қатысушылар арасында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өткізілді. Онда кандидаттар бір-біріне екі-үш сұрақтан қойса, дебатқа қатысушы көрермендер де өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.
Қоғамдық пікірсайыста үміткерлермен қатар, қатысушы көрермендер де белсенділік таныта білді. Біз де «Nur Otan» партиясының праймеризіне үміткерлерге сәттілік тіледік.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.