Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, қазір аймақтағы ауруханалардың барлығы жеке қорғаныс құралдарының, дәрі-дәрмек пен дәрілік препараттардың үш айлық қорымен қамтылған және өңірде коронавирусқа қатысты жағдай әзірге тұрақты.
Коронавирус індетінің екінші толқыны болатыны туралы барша халық дабыл қағуда. Елімізде наурыз айында тарала бастаған алғашқы толқынының шарықтау шегінде жағдай ушығып, қиындап кеткен еді. Енді екінші толқынына біздің облыс қаншалықты дайындалып жатыр? Осы жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтан сұрап білген едік.
–Коронавируспен байланысты жағдай аймақта қазір тұрақтанды. Стационарда вирус жұқтырған 80 науқас ем қабылдауда. Денсаулық жағдайы ауырлары да бар. Олар жан сақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Ал, жағдайы өте ауыр науқастар жоқ, – дейді Сүлен Ілиясов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы өңірде індеттің екінші толқынына қызу дайындық жүргізіліп жатқанын айтты.
–Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ, барлық ауруханаларда жеке қорғаныс, дәрі-дәрмек және дәрілік препараттардың 2-3 айлық қоры дайын. Аты жаман індеттің алдын алу үшін жергілікті бюджеттен 166 миллион теңге қаржы бөлініп, дәрі-дәрмек сатып алынуда. «СК-Фармация»-мен келісімшарт жасалып, қазір қажетті дәрі-дәрмек жеткізілуде. Қазан айында дәрі-дәрмектің төрт айлық қоры жасалады, – дейді Сүлен Жеңісұлы.
Бұдан бөлек, өңірде алғы шепте жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырып ауырған медицина қызметкерлеріне жәрдемақы төлеу жұмыстары да қолға алынған. Бұл қатерлі індеттен өңірде он бес медицина қызметкері көз жұмыпты. Олардың бесеуінің туыстарының өтемақы алу үшін берген өтініштері арнайы комиссия тарапынан қолдау тапса, қалғаны өкінішке орай, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығындағы талаптарға сай келмеді. 122 медициналық қызметкер 2 миллион теңгеден жәрдемақысын алды. Тиісті санаттағы 224 адам төлемдерін күтіп отыр. Олар вирустың белгілері білінбейтін түрімен ауырған және амбулаториялық жағдайда ем қабылдаған екен.
Қолда бар соңғы мәліметтерге жүгінсек, осы күнге дейін облыста коронавирус індеті лабораториялық жолмен анықталған 3452 адам тіркелген, оның 77-сі өкінішке орай ажал құшты. Тәулігіне орта есеппен 3 адам, аптасына 19-20 оқиға тіркелуде. Күн сайынғы өсім көрсеткіші 0,1 пайызды құрап отыр.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.