Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайлаңыз: құс тұмауы!.. - АРҚА АЖАРЫ

Абайлаңыз: құс тұмауы!..

 «Жығылғанның үстіне жұдырық» демекші, халқымыз коронавирустан жапа шегіп отырғанда, енді облысымыздың алты ауданында үй құстарының жаппай қырылуы тіркелуде. Соның ішінде, Жарқайың ауданында лабораториялық зерттеулер негізінде құс тұмауы нақты анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мәлім болды.

Ақмола облысының ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы Манат Әбдірахмановтың берген мәліметтеріне сүйенсек, облыста эпизоотикалық жағдай тұрақты емес. Осы күнге дейін облыс аумағында 460-тан астам құс өлген. Астрахан, Атбасар, Зеренді, Егіндікөл, Бұланды, Жарқайың аудандарында үй құстарының қырылуы тіркелуде. Соның ішінде, Жарқайың ауданының Шойындыкөл селолық округіндегі құстардың қырылу себебі лабораториялық зерттеулер арқылы «құс тұмауы» деп нақты анықталып отыр. Әзірге, қалған бес аудан бойынша лабораториялық зерттеулер әлі де жүргізілуде. Қазіргі уақытта Жарқайың ауданының бас ветеринарлық санитарлық инспекторы құс тұмауы таралып жатқан селолық округтің әкімінің атына карантин шараларын енгізу туралы ұйғарым жолдады. Селолық әкімнің шешімі шығарылып, қазір ол әділет органында тіркеуден өтуде. Ол тіркелген соң, аумақта карантин енгізілмек. Одан кейін ауру жұқтырған құстарды жинап, республикалық эпизоотикаға қарсы отрядтың мамандары инсенираторларда өртейді. Карантин жарияланатын аудандарда тұмаудың белгісі бар құстар толығымен жойылып, өртеледі. Жою барысында құстардың саны, жасы, түрі көрсетілген хаттамалар толтырылады. Осы құжаттар жойылған құстардың құнын бюджеттен өндіруге негіз болады. Тиісті құжаттар арнаулы комиссияға ұсынылып, құстың нарықтағы орташа бағасы көлімінде өтемақы белгілейді. Ал, ауырмаған құстардың бәріне вакцина егіліп, ветеринар мамандардың бақылауына алынады. Карантин аймағы арнайы блок-бекеттермен қоршалып, оларда эпизоотикаға қарсы шаралар жүргізіледі. Карантин уақыты соңғы ауру құс табылып, жойылғаннан кейін 21 күн өткен соң аяқталады.

Мамандардың айтуынша, құс тұмауын жабайы жыл құстары, атап айтқанда үйректер, қаздар, қарға, шымшық және барлық су айдынында жүзетін құстар таратады. Үй құстары жабайы жануарлармен су айдындарында, алаңдарда, ағаш бұталары мен бидай шашылған жерлерде араласады. Сондықтан, ветеринарлар құс фабрикаларының маңында бұталар мен талдардың болмауы қажеттігін талап етуде.

–Ақмола облысының алты ауданында 7 құс фабрикасы бар, оларда 6,4 миллион бас құс өсірілуде. Бұл құстарды үй шаруашылығында пайдаланатын құстармен қоса есептегенде, аймақта 7,2 миллион бас құс бар екен. Қазіргі уақытта құс тұмауының алдын алу үшін вакцина қолданылуда. Бурабай, Аршалы, Целиноград аудандарындағы төрт құс фабрикасы ресейлік вакциналарды сатып алып, пайдалануда. Осы күні 1,8 миллион бас құсқа вакцина егілді. Қалған аудандарда да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Құс тұмауының алдын алу үшін барлық аудандарда аудан әкімінің орынбасарлары мен мүдделі органдардың мүшелері жұмылдырылған жұмыс топтары құрылып, осы бағытта іске кірісіп кетті, –деді Манат Әбдірахманов.  Сонымен бірге, ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Бұлашев құс тұмауының алдын алу шаралары туралы жан-жақты айтып берді.

​Жалпы, құс тұмауы мамандардың айтуына қарағанда, адамнан адамға жұқпайды, тек адам ауырған құспен байланысқа түссе ғана жұғады. Сондықтан, құсты сойғанда, оның етін пайдаланар алдында қорғаныс құралдарымен қорғану керек. Егер құс етін және одан жасалған өнімдерді пайдаланатын болсаңыз, ол әбден қайнатылуы немесе қуырылуы керек. Құс етін қалыпты температурада пісіргенде вирус өледі.

​ Құс тұмауының алдын алу үшін үй құстарының жабайы құстармен қатынасын болдырмай, бөлек қамауда ұстаған жөн. Құс өсіретін шаруашылықтарға құс тұмауы жоқ аймақтардың ғана құстарымен толықтыру ұсынылады. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті санитариялық жағдайларды – әрдайым тазалауды, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз ету қажет.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар