Ақмола облысы мен Беларусь Республикасы арасында әріптестік, сауда-экономикалық байланыс жылдан жылға тұрақты дамып келеді. Өткен жылы екіжақты сыртқы тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 20 миллион АҚШ долларын құрады. Оның көбі импортын үлесінде. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 2,8 есеге артып, бірінші жартыжылдықта 29,4 миллион АҚШ долларын құрады. Ақмола облысы Беларусь елінен ет, насос, қозғалтқыш, лифті жабдықтарын сатып алса, ол жаққа ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде арпа және бидай экспортталады.
Бүгінгі таңда Көкшетау қаласының солтүстік өндіріс аймағында ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалары құрастырылатын «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Аталған жоба 2012 жылы қолға алынған еді. Мұндағы мақсат Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын өңірде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту болатын. Беларустықтардың өңірімізге келу мақсаты да осы, яғни бірлесіп қолға алынған жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, алдағы жоспарларды нақтылау.
Жылы шырайлы өткен кездесу барысында екі ел арасындағы туризм, агроөнеркәсіптік сектор мен сауда-экономикалық мүмкіндіктер кеңінен сөз болды. Кездесуде облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ақмола өңірінде туризм, өнеркәсіп, аграрлы сала жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын айта келе, Беларусь мемлекетімен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендігін мәлімдеді.
– Облыс экономикасының қай саласын алсақ та мүмкіндігі зор. Облыста ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, қайт өңдеу өнеркәсібі және туризм салалары қарқынды дамуда. Соңғы кездері өнеркәсіп өндірісінің үлесі арта бастады. Бұл экономиканың индустриалдырылып жатқандығын білдіреді. Өңірімізде Щучинск – Бурабай курорттық аймағы орналасқан. Бұл біздің туризмді дамытуға кең мүмкіндік ашады. Сондықтан, біз сіздермен осы салалар бойынша әріптестікті дамытуға дайынбыз, – деді Ермек Маржықпаев.
Өз кезегінде Павел Утюпин жылы қарсы алған облыс басшысына алғысын білдіріп, екіжақты әріптестік қатынасты дамытуға әзір екендігін жеткізді.
– Қазақстан біздің стратегиялық әріптесіміз. Мұнда Беларусь өнімдеріне сұраныс жоғары. Өңірдегі индустриялды-технологиялық парк осы бағытта бірлесе істеп жатқан жұмыстарымыздың жемісі. Сондықтан, алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл екі жаққа да тиімді болары сөзсіз, – деді Павел Утюпин.
Жалпы, өңірде аталмыш индустриялды-технологиялық парк жобасын жүзеге асыру Ақмола облысы мен Беларусь елінің арасындағы тауар айналымына оң ықпал жасап отырған жайы бар.
Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.