Коронавирус пандемиясы біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын қатаң сынға алды. Осындай жағдайдың өзінде бүкіл адамзат, қоғам және мемлекет оптимистік көңіл-күйін сақтап, қадамын қатайтып, экономиканы тұрақтандыру іргетасын мықтап, тіршілік ауанына қолдау жасап жатқаны қуантады.
Бұл төтенше жағдай, карантин мен оқшаулаудың ауыр зардаптарын шеккен біздің туристік салаға да қатысты. Әсіресе, Маңғыстау облысындағы ауқымды жобалар осының айғағы. Мұнда ішкі және сыртқы туризммен қатар, Каспий өңіріне келушілер саны артқандығына әріптестік тілектестікпен қуанамыз. Ақтау порты мен Каспий жағалауы шын мәніндегі туристік қақпамызға айналды. Өзінің қастерлі құндылықтарымен, Ұлы даланың тағлымды тарихымен өзіне тартатын Түркістан екінші Меккеге айналып келеді. Қасиетті Жетісу мен қадымғы Тараздың түрлене түсуі, Шығыс Қазақстандағы экологиялық туризмнің дамуы көңіл өсіреді. Қазақстанның солтүсік аймағы туризм кластерін кешенді жүргізу арқылы демалыс және сауықтыру кешендерімен көз тартуда.
Біз әлемге әйгілі Щучинск-Бурабай курортты аймағында заманауи туристік индустрияның қалыптасуындағы мемлекеттік қолдауға ризамыз. Елордаға таяу өңірде уақыт талабындағы инфрақұрылым дамып, халықаралық стандарттағы автобан, сервистік нысандар салынды, туристер мен тынығушыларды қабылдаудың үздік жобалары жүзеге асырылды. Бурабайдың өзінде ғана соңғы жылдары әлемде баламасы жоқ халықаралық «Бурабай» шаңғы трамплині пайдалануға берілді, адамзат дамуының эволюциясында жарқын ізі бар ашық аспан астындағы тұңғыш «Ботай-Бурабай» этномәдени кешені ашылды.
Үлкен Шабақты көлінің жағалауында салынып жатқан айрықша «Ақ Бура» заманалық курорты, біздің облыс орталығымыз Көкшетау қаласының бет бейнесінің ғаламат өзгеріске түсуі берекелі елдің жасампаз бейнесін айғақтайды. Мұнда іргелес Ресей-Қазақстан Мемлекет басшыларының қатысуымен үлкен форум өткізілетіні де елімізге деген әлемдік қауымдастықтың назарын аударатыны сөзсіз.
Еліміздің туристік қауымдастығы да игі істерге екпін қосу жауапкершілігін, яғни, өз әлеуетін қуаттандыру бағындағы табысты қадамдарын нықтай түсу міндеттерін мінсіз атқаруға жұмылатыны сөзсіз. Бұған толық негіз бар. Ақмола облысының аумағында ғана 300-ден астам курорттық-санаториялық және демалыс сауықтыру нысандары бар. Мұнда туристерге 80-нен астам танымдық маршруттар ұсынылып, лицензияланған 70 туристік фирма қызмет көрсетеді. Біз жаз айларында ғана 800 мыңға жуық туристке қызмет көрсетсек, жыл ішінде бұл көрсеткіш миллионнан асып түседі және бұл шекті цифр емес.
Бүгінгі таңда облыстық туризм басқармасы мен «Visit Akmola» туристік ақпараттық орталығы туризм индустриясы және демалыс Ассоциациясымен бірлесіп «Four seasons» бағдарламасын жүзеге асыруда. Жоба аясында аймақтық қана емес, республикалық және халықаралық деңгейдегі барлық оқиғалық шаралар қамтылады. Бұлардың қатарына жыл сайынғы «Менiң Отаным – Қазақстан» республикалық экспедициясын, «Туризм, сауықтыру, саяхат» өңіраралық жәрмеңкесін, халықаралық «Қоқиқаз» фестивалін, «Бурабай» парус регатасын, халықаралық «Қансонар» бүркітшілер турнирін, «Әншілік аралында» бард слетін, тағы басқаларын қосуға болады.
Бүгінгі күні Бурабай мен Зеренді курорттарында әрбір тынығушы арнайы жабдықталған жаяу, атты, су айдындағы, велосипедпен, караванинг көлігімен және басқа туристік маршруттармен саяхат жасай алады. Біздің облысымыздың сауықтыру орындарында табиғи факторлар – емдік балшық, жергілікті қайнарлардың иод-бром тұнбалары, «Құлагер», «Тұран» минералды сулары кеңінен пайдаланылады және қымыз, фитотерапия емдері қолданылады.
Бүгінгі кәсіби мерекеміз алдағы ұланғайыр жоспар, жобаларымыздың орындалуына, Қазақстан туризмінің қарыштап дамуына бағытталған еңбектің игі қайтарымына деген сенімімізді ұштай түседі. Осы ретте мен экономиканың маңызды буынында қажырлы істерімен танылып жүрген әріптестерімді құттықтап, жаңа табыстарға жете беруіне тілектестік білдіргім келеді.
Шынарбек Батырханов,
Ақмола облыстық туризм индустриясы және демалыс Ассоциациясының төрағасы, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор