Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отандық комбайнға сұраныс бар - АРҚА АЖАРЫ

Отандық комбайнға сұраныс бар

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша 2019 жылы еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің техника паркінде 38,5 мың комбайн болса, оның 68 пайызы 10 жылдан астам пайдаланылған екен.

Ауыл шаруашылығы техника паркінің 76 пайызы әбден тозған. Техниканы жаңарту деңгейі 2018 жылы 3,5 пайызды құрапты. Республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты ауыстыру бойынша мемлекет саясатын жүзеге асыру аясында ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісін құру үлкен маңызға ие. Осы орайда 2012 жылы құрылған «Вектор» комбайн зауытының маңызы зор. Бұл кәсіпорынды 2019 жылы «Казрост» серіктестігі сатып алып, оның атауын «КаzRost Engineering» деп өзгертіпті. Компания өндіріспен бірге Қазақстан Республикасының барлық аймағы бойынша шығарылған ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету және жөндеу бойынша жоғары талаптарға жауап беретін диллерлік және сервистік жүйе жұмысын ұйымдастырған. Кәсіпорынның Бас компаниясы «Казрост» серіктестігі болып табылады. Бұрын кәсіпорын дайын ауыл шаруашылығы техникасы мен оның қосалқы бөлшектерін сатумен айналысқан.
Кейінірек компания 1 миллион АҚШ доллары көлемінде шетелдік және басқа инвестиция тартты, соның арқасында кәсіпорын жаңа тыныс алды. Комбайн құрастыратын еңбеккерлер саны 70 адамға көбейді. Бүгінгі күні кәсіпорында екі өндірістік цех пен логистикалық кешен жұмыс істейді.
«КаzRost Engineering» комбайн зауыты Көкшетау қаласының Солтүстік өнеркәсіп аумағында орналасқан. Алыстан ағарып көрінген зәулім цехтың ғимараты біз мұндамыз дегендей оқшауланып тұрады. Бізді зауыт директорының орынбасары Айбек Нұрмағамбетов жылы жүзбен қарсы алып, қуанышын жайып салды.
–Екінші өндірістік цехты іске қостық. Мұнда «VEKTOR 410», «ACROS 550» маркалы комбайндар құрастырылады. Сондай-ақ, 5 және 9 метрлік жатка, басқа да тіркемелі қондырғылар жасалады. Биылғы жылы «КазАгроФинанс» тәрізді қаржы институттары арқылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарына 440 комбайн саттық. Олардың бәрі де биылғы егін орағында жұмыс істейді. Келесі жылы да 440 комбайн құрастыруды жоспарлап отырмыз. Біз Ресейдегі «Ростсельмаш комбайн зауыты» ашық бірлестігімен бірлесе жұмыс істейміз. Зауыт өз техникасын сатып алған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне екі жыл бойы кепілдендірілген сервистік қызметті тегін көрсетеді,–деген директордың орынбасары зауыт үшін қосымша құн салығы төленбейтін арнайы кеден режимі мен утилизация қоры жұмыс істейтінін айтты.
Осыған байланысты комбайн аграршыларға қосымша құн салығынсыз сатылады екен. Зауыт екі талап бойынша жұмыс істейді. Айбек Нұрмағамбетовтың айтуынша, локализация деңгейі 10 пайыздан басталады екен. Бүгінгі күні бұл деңгей 40 пайыздан асыпты. Өнеркәсіп құраушысы мен сала министрлігі арасындағы келісім құжатқа қол қойылған. Осы құжат бойынша зауыт әр жылғы жұмысын жоспарлап отырады. Комбайн зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Виталий Кун өз сөзінде локализация және құрастыру жөнінде арнайы инвестициялық келісім жасағандарын айтты.
–Бүгінгі күні біз №155-ші бұйрық пен келісім бойынша жұмыс істейміз. Біздің өнімді сертификаттау аталмыш бұйрық бойынша жүргізіледі. Біз бұл бұйрыққа өзгертулер енгізу жөнінде Техникалық реттеу комитетіне хат жаздық. Бүгінгі таңда комбайнның двигателін, камераны, шнекті, сабан жинағышты, дөңгелектерді, гидроцилиндрді, шкифтерді орнату тәрізді 21 операция жасаймыз. Комбайнға жанар-жағармай құйып, арнайы алаңда сынақтан өткіземіз. Кейін оны техникалық бақылау бөлімі тексереді, арнайы полигонда сыналады. Кемшілік болса, қайтадан зауытқа енгізіліп жөнделеді. Сатып алушылар комбайнды арнайы техника тұрағынан алады. Біз жатканың корпусын дәнекерлеп, сырлаймыз. Кейін ол да сынақтан өткізіледі. Қазақстан Республикасы Заңнамасының барлық талаптарын орындаймыз. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының кәсіпорнымен де бірлесіп жұмыс істейміз. Олар бізге жатканы тасымалдайтын тіркемелер жасайды. Келешекте бұл тіркемені, жатка мен жинағыш платформасын өзіміздің зауытта жасауды жоспарлап отырмыз. Техника бөлшектерін тасымалдауда мәселе туындады. Осының салдарынан кейбір тапсырыстарды уақытында орындай алмадық,–деген Виталий Кун өздерінің Қазақстан бойынша комбайн сату нарығының 60 пайызын қамтитынын айтты. Бүгінгі күні бөлшектердің уақытында тасымалданбауы салдарынан цехтағы жұмыс тоқтап тұр. Жұмыс қазан айының ортасында басталмақшы. Әзірше мұндағы еңбеккерлер техника тілін меңгеру үшін арнайы курстан өтуде. Зауыт қайтадан тыныс алып, Қазақстан аграршылары ауқымды көмек алды. Сөйтіп, агроөнеркәсіп кешені жаңа технология мен отандық өндірісті енгізу есебінен жедел әрі жан-жақты дамитын болады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар