1858 жылы Қашқария, кей деректерде Шығыс Түркістан деп аталып кеткен өлкеге барған саяхаттың арқасында Шоқан талантты шығыстанушы, ер жүрек саяхатшы ретінде кеңінен танымал болды және бұл сапар оған үлкен абырой әкелді. Ол өзінің Қашқарияға сапары туралы есеп беру үшін Санкт-Петербургке шақырылды. Қашқарияға барған экспедицияның нәтижелері оның «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» еңбегінде баяндалды. Бұл беймәлім Шығыс Түркістанның тарихына, географиясына және әлеуметтік құрылымына арналған алғашқы ғылыми еңбек болатын. Мамандар Уәлихановтың жүргізген зерттеу жұмысын ғылымға енгізілген маңызды үлес деп санап, жоғары бағалады. Шоқан бұл еңбегі үшін 1860 жылы 7 сәуірде төртінші дәрежелі Әулие Владимир орденімен марапатталып, сондай-ақ, мерзімінен бұрын штаб-ротмистр атағын алды. Дәл сол жылы Уәлиханов Александр II императорына таныстырылып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне қызметке тағайындалды.
Шоқан Уәлихановтың Орталық Азия мен Шығыс Түркістанға шеккен саяхаты барысында осы өңірдің халықтарының қоғамдық өміріне, тарихына, этнографиясына, мәдениетіне қатысты мәселелер бойынша жүргізген зерттеулері үлкен абыройға ие болды. Сондықтан да, Шоқан Уәлихановты Петербургте ғылыми сабақтар үшін қалдыру туралы П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің ұсынысы үкіметтен қолдау тапты. Ресей СІМ Азия департаментінің директоры Е.П.Ковалевский 1866 жылғы 3 сәуірде әскери министрдің атына жазған хатында штабс-ротмистр Уәлихановты Азия департаментіне тіркеп, Сыртқы істер министрлігінен алатын жалақысына қосымша қаржы ретінде оның шеніне тағайындалған әскери ведомство сомасының жалақысының сақталуын сұрады.
Өз кезегінде әскери министр, генерал-адъютант Сухозанет дәл осындай ұсыныспен императорға жүгінді. 1869 жылдың 6 шілдесінде Жеке Сібір корпусының командиріне әскери министрдің келесі мәтіндегі ұйғарымы жария болды: «Аса мәртебелі император Сыртқы істер министрінің баяндамасынан кейін мынаны қаулы етті: Сібір желілік казак әскеріне бекітілген әскери кавалерия құрамындағы штаб-ротмистр, сұлтан Шоқан Уәлихановты Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне тіркеп, әскери ведомство бойынша алып жатқан жалақысына қосымша еңбекақы тағайындалсын».
Шоқан Уәлихановтың Петербургте болған жылдары (1859-1861 жж.) оның өміріндегі жарқын кезеңдердің бірі болатын. Петербургке келісімен ол саяхат туралы хабарламасын оқып, Қазақ, Орта Азия және Батыс Қытай халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектерін «Записки ИРГО» журналында жариялады. Ол Санкт-Петербургте Азия департаментінде қажырлы да жемісті еңбек етті, Бас Штабтың Әскери-ғылыми комитетінде Орта Азия мен Шығыс Түркістанның картасына түзетулер енгізді, университетте Н.Н.Костомаровтың дәрістерін тыңдады, әдеби жұмыстарымен айналысты, Г.Н.Потаниннің үйінде студенттердің Сібір жерлестері жиналысына қатысып жүрді.
Мұнда, астанада тек өзінің ескі достарымен ғана кездескен жоқ, сонымен қатар, орыс интеллигенциясының көптеген елеулі өкілдерімен: А.Н. Бекетов, А.Н.Майков, С.Т.Аксаков, Н.П.Игнатьев, Н.И.Веселовский, Н.М.Ядринцев, Ф.Н.Усов және басқа да жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, журналистермен жаңа қарым-қатынастар орнатып жүрді. Осы сәтке байланысты Г.Н.Потанин былай деп жазады: «…Осында келгелі бері сол мезетте ол (Шоқан – Қ.Ә.) барлық ориенталист-шығыстанушылармен танысып шықты, ол Березин, Казембек, Васильевпен кездесті. Әдебиетшілер ішінде ол Достоевскиймен және Крестовскиймен жиі кездесіп жүрді».
Петербургте Шоқан тек интеллигенция өкілдерімен ғана емес, сонымен қатар, «үлкен бастықтармен» де танысып шықты, атап айтқанда, министр Милютинмен, барон Ливенмен, граф Толстоймен, сенатор Любимовпен және тағы басқамен танысып үлгерді». Бұл туралы ол 1860 жылдың 9 тамызында Петербургтен әкесіне хат жазған кезде тілге тиек еткен болатын: «Қазір мен өзімнің кейбір еңбектерімді баспаға дайындап жатырмын. Мен туралы газет басылымдарында көп жазып жатыр. Бәлкім, сіздер бұл басылымдарды оқыған шығарсыздар не болмаса мен туралы естіген боларсыздар».
Расымен де, бұл жылдары «Записки ИРГО», «Русский инвалид» журналында, А.И. Герценның «Колоколында» кейбір мақалалары, очерктері және «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы», «Жоңғария очерктері» және тағы басқа күрделі еңбектері жарияланып тұрды. Шоқан Уәлихановтың өмірде бар кезіңде ол туралы алғашқы басылым Л.Н.Плотниковтың «Моя встреча с Ч.Валихановым в Петербурге» атты мақаласы болды.
1860 жылдың күзінде Петербургте Орынбор облысы делегациясы тұрақтап, сол делегацияның құрамында Сұлтан Тяукин мен Салық Бабаджанов болды. Л.Н.Плотниковтың жазуы бойынша екеуі де беделді азаматтар болған, алайда «Олардың арасында паралельдерді жүргізбесек, біріншісі де, екіншісі де әрине, ұтылып жатқан жоқ, өз басым Петербург қаласында штабс капитан, сұлтан Уәлихановпен жеке танысып, бірнеше керемет кештер өткіздім. Оның білімі мен қабілеттерін тек олар ғана емес, біз Небольсин мырза екеуміз де оған жақындай алмаймыз. Шоқан Шыңғысұлы қырғыздар арасындағы жалғыз феномен болып табылады және біздің Орынбор даласында бұндай құбылысты біраз күтуіміз де ықтимал».
Шоқан Уәлихановтың Алтыншардың жағдайы туралы» очерк түрінде жарияланған Қашқарияға сапары туралы есебін А.Эрман мен Петерман сияқты ғалымдар бірден неміс тіліне аударып алды. Бұл жұмыс 1865 жылы Англияда басылып шығарылды, кейін публицист Эмиль Жонва француз тіліне аударып, жарыққа шығарды. Көптеген батыс еуропалық географ-ғалымдар мен шығыстанушылар Шоқанның жазған еңбектеріне, осы еңбектерін өздерінің шығармаларында беделді сілтеме ретінде көрсете отырып, адам сүйсінерлік пікірлерін де жарыса жазып жатты. Мәселен, Д. және Р. Митчелдің ағылшын басылымына арналған алғы сөзінде Орталық Азиядағы саяхат туралы айта отырып, мыналарды жазады: «Осында ұсынылған Орта Азиядағы саяхаттар туралы есептер арасында Уәлихановтың Жоңғария мен Шығыс Түркістан туралы хабарламасының орны ерекше болып табылады. Оның Қашқар мен Шығыс Түркістанның саяси ахуалы туралы берген сипаттамасы осы ел туралы бізде бар азғантай мәліметтерге қосқан маңызды үлес болып табылады».
Демократиялық көзқарастағы бас штабтың офицерлері, әскери жазушылар Д.И.Романовский, А.И.Макшеев, А.К.Гейнс, Н.Г.Залесов және басқалары Шоқанға ерекше ықылас танытып жатты. Бұл туралы Ә.Х.Марғұлан былай жазады: «Д.И.Романовский Шоқанның ең жақын досы болып табылады, олар бас штабтың ғылыми комитетінде бірге жұмыс істеп, Орталық Азияның тарихына қатысты кейбір сұрақтарды қарастырып жатты…». Д.И.Романовский «Русский инвалид» газетінің редакторы лауазымында жұмыс істегені белгілі, осы газетте Ш.Уәлиханов көптеген мақалаларын жариялап жатты. Петербургке келу, Ресейдің демократиялық топтарының көрнекті өкілдерімен танысу және олармен тығыз байланыс орнату, Париждегі «Полярная звезда» басылымы өкілдерімен кездесу Ш.Уәлихановты рухани байытты, оның ойларының прогрессивті сипатын нығайтты.
Осылайша Ш.Уәлиханов Ресейді империяның шетіндегі Омбыда және елдің орталығы болып табылатын Петербургте тағдыры тоғыстырған жарқын және бірегей адамдар арқылы танып жатты. Олармен қарым-қатынас аясы кең болды. Мысалы, оның ұлы жазушы Ф.Достоевскиймен орнатқан рухани және кәдімгі адами жақын қарым-қатынасы демократизм, гуманизм, түрлі адамның ар-намысын төмендетулерге мүлдем төзбеушілік сияқты қағидаларға сүйенді. Оның жақын достары Г.Н.Потанин мен Н.М.Ядринцев былай тұрсын, Ш.Уәлиханов пен әйгілі ғалым П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, ақын Дуровпен ғылыми және әдеби мүдделері ортақ болды.
Орыс демократиялық ойларының Ш.Уәлихановқа және оның шығармашылық мұраларына тигізген әсері туралы барлық зерттеушілер жарыса жазып жатыр. Сонымен бірге, Ш.Уәлихановтың да өзі қарым-қатынас орнатқан орыс интеллигенция өкілдеріне тигізген белгілі бір әсерін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Бұл туралы көбінесе Г.Н.Потанин бірнеше рет жазған болатын. Сондай-ақ, біздің көзқарасымыз бойынша, Ш.Уәлиханов орыс шығыстану ғылымының қалыптасу процесіне едәуір септігін тигізгенін мойындауымыз керек. Дәл 60-жылдары бұл үрдіс осы жерде ерекше қарқын алғаны кенеттен туындаған жағдай емес шығар. Ш.Уәлиханов Петербург кезеңінде Азия департаменті мен университетте дәрістер курсын оқиды, түркі тілдерінен сабақ береді, Орталық Азия халықтары туралы өзінің мол танымымен бөліседі. Шығыс Түркістан туралы ақпарат алу үшін одан көрнекті шығыстанушы В.В.Григорьев кеңес сұрап жүретін, кейін ол осы ел туралы кітап жазатын кезде Ш.Уәлиханов әкелген мәліметтерді пайдаланған болатын. Сонымен қатар, басқа да шығыстанушылар одан кеңес сұрайтын, олардың ішінде В.В.Вельяминов-Зернов, Д.И.Романовский болды.
Ш.Уәлиханов халықтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдени құндылықтары болашағына сенім ұялатқан ғылыми көзқарас пен руханилықтың, демократизм мен қайнар күштің көзі болды. Оның мемлекеттік құрылысқа және өз халқының болашағына деген көзқарасына өзінің арғы атасы ұлы хан Абылайдың идеялары әсер етті, оның бар өмірі Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күрес пен оның аумақтық бүтіндігін сақтап қалумен өткен еді.
Ш.Уәлихановтың қоғамдық-саяси көзқарастарын қарастыра келе, кейбір зерттеушілер «Еуразияшылдық ойы батысшылдыққа қарама-қарсы бағытта» деп есептейді. Осыған байланысты Шоқан Уәлиханов шын мәнінде кім деген сұрақ қойылады? Ш.Ш.Уәлиханов батысшыл ма, әлде еуразияшыл ма деген сауал да жоқ емес. Біздің ойымызша, екі бастаманы, дәстүрлі қазақ пен орыс, яғни, батыс сияқты екі мәдениетті бір-біріне қарсы қою негізсіз сияқты болып табылады. Керісінше, екі мәдениеттің симбиозы арқасында Шоқан Уәлиханов басқа да қазақ ағартушыларының феноменін дүниеге әкелді.
Айтпақшы, «ағартушылық» терминіне келер болсақ, оның мағынасы қысқа және маңызды болып табылады. М.Т.Иовчук пен А.Х.Қасымжанов былай дейді: «ол (ағартушы – Қ.Ә.) білімді өзгелерге тарататын, сананы мәденилікке жақындатып, «жалған» даналықты суқаны сүймейтін. …Егер ағартушылардың қатарына Вольтер мен Руссоны, Дидро мен Гольбахты, Джефферсон мен Франклинді, Радищев пен Чернышевскийді жатқызатын болсақ, онда осы тізімге Шоқан Уәлихановты енгізу айқын көзқарас болар еді». Ш.Уәлихановтың ерекшелігі, ол алғаш рет ағартушылықты қазақ қоғамының қажеттілігіне экстраполяциялау әрекетін жасауға тұңғыш талпыныс жасады.
Ағартушы ретінде Ш.Уәлиханов қазақ жерінде халықтық білім беру жүйесінің құрылуына насихат жасады, халық бұқарасының мүдделерін қорғады, Ресейде басыбайлылық құқықты жою қажеттігі туралы пікірді айтты және бұл қазақ халқының игілігі үшін жасалады деген сенімде болды.
Қадыржан ӘБУЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері