Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылға хат - АРҚА АЖАРЫ

Ауылға хат

Бүгінгі күні ақын деген сөздің ақиқатына анық көз жеткіздіріп, өз жырларымен оқырман жүрегінен үлкен орын алған жерлес ақынымыз Қорғанбек Аманжолдың біз білетін шығармашылық кредосы сан қырлы. Ақынның жыр деп лүпіл қаққан сыршыл жүрегі қазақ поэзиясына талай тұғыры биік өлеңдер шоғырын сыйлаған.
Сондықтан, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, киелі сөзден өмірдің сан алуан өрнекті өрімдерін өрген көрнекті ақынның төмендегі туған жер, өскен ел туралы топтама өлеңдері де оқыған жанның көңілінен шығып, баршаны талғамды жырдың тұнығынан сусындатарына күмәніміз жоқ. Әр жаңа жинағы Қорғанбектің қай жағынан да кемеліне келгенін көрсетеді. Мағжан мәнерімен жосылтып, Ілияс екпінімен төгілтіп түсірген «Қанай-Абылай» поэмасы оның кәміл ақындық табысы деуге лайықты туынды. Көкше өңіріне барсаңыз, ойдым-ойдым ормандардың бірінің шетінен біздің Қорғанбектің «Зеренді қарағайлары» деген өлеңі жазылған үлкен тақтаны көресіз. Бүгінде Қорғанбек ақынның жырлары өзі өскен өлкеге ғана емес, бүкіл қазақ даласына да қадірлі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы. 

Ауылға хат

Ауылым алтын бесік Көктерегім,
Төбемді жеткіздің-ау көкке менің.
Көркейіп кереметтей көшелерің,
Кеудеме сағынышты төкпеледің.

Оқыған мектебімнің жұрты қалған,
Оған да елжіреймін.
Шіркін арман!
Орнына ордамның сол белгі орнатып,
Отымның лаулауына шырпы болған.

Ортасы ауылымның бау-бақ еді,
Көрнекті көзге түсер аумақ еді.
Сол бағым орманымдай қайта түлеп,
Жайқалтып жарылқады Алла мені.

Ақжүрек абзалдарым, қалайсыңдар?
Ақжолтай жігіттерім, жарайсыңдар.
Ауылдың азаматы аман болса,
Әлі де алынар-ау талай сындар.

Ауылды жасандырып, жайнаттыңдар,
Бағында бозторғайын сайраттыңдар.
Алқымнан карантині алса дағы,
Қазанын тіршіліктің қайнаттыңдар.

Саябақ саясында би алаңы,
Көркем сыр көңілге бұл түйе алады.
Келісті келешегі күлімдеген,
Көрікті ауылын кім қия алады?

Тепкенде темір үзіп, шат-шадыман,
Тастүйін таудай жұмыс атқарылған.
Марқайтып ауылымның бақ-талайы,
Маздаймын жалын жігер оттарыңнан.

Ауылдың жігіттері, аман бол-ау,
Арманды алаулатар шамаң бар-ау!
Шаттанып береке мен бірлігіңе,
Көтерді астанадан ағаң жалау…

Әулие тас

Ауылымның қасында Әулие тас,
Аңызындай өткеннің кәрия тас.
Қадым заман қалдырған қасиеттей,
Қормалына жұртымның хан ие тас.

Әулие тастың көп еді әңгімесі,
Әлімсақтан аймақтың мәңгі иесі.
«Әулие тас-ай, жарықтық!» деп күрсінсе,
Ақсақалды тербейтін жан киесі.

Бала жастан жанында ойнап өстік,
Бал дәуреннің қызығын тойлап өстік.
Әулие тастан әлдебір тылсым ұғып,
Есейгенде ойыннан ойға көштік.

Сонау соғыс көп қайғы ала келген,
Әупірімін ана мен бала көрген.
Азаматым аман-сау оралсын деп,
Әулие тастан шығарып сала берген.

Әулие тастың қасында қара жол бар,
Қара жолдың құзырын бала да аңдар.
Қара жолдың қыдырын жолдас қылған,
Қам көңілді қапасқа қамағандар.

Жас жұбайлар осында шат болады,
Әулие тастың басынан бақ табады.
Жолаушылап алысқа кеткен жандар
Әулие тастан бата алып аттанады.

Көктеректе қалдырып көктем елін,
Әулие тастан аттанып кеткен едім.

Қазығыма байландым кіндікпенен,
Қара жолдан ешқашан шеттемедім.

Әулие тастың киесін ырым еткен,
Айналып-ақ кетейін құдіреттен.
Жан сабатын жайлаймын әлі де осы
Жүрегімнен өшпейтін сүгіреттен!..

Тасқұдық

Тасқұдық жайлы бір өлең,
Кеудемде көптен жүр еді.
Тұнығын ішіп түлеген,
Көктерек түгел біледі.

Көктерек десе тасынғам,
Қызады қаным, жан-жалын.
Сіміріп өстім жасымнан,
Тасқұдық кәусар зәмзәмін.

Қақпақтас шоқы етегі,
Ауылдың шеті шоқ тоғай.
Жүрегім ұшып жетеді
Құдыққа шейін тоқтамай.

Қандырып мейір шөл басқан,
Бұлағы тастың бал татып.
Өзектен тартып жалғасқан,
Тұмасы түйін тарқатып.

Қыз-келіншектер ырғалып,
Иінағаштары майысып.
Сусындап содан күллі ауыл,
Отырар еді шай ішіп.

Бұлдай да берсем бұл жайды,
Буланып кетер көз, шіркін.
Жанында соның жырғайды,
Жігіт-желең мен қыз-қырқын.

Құйылған сәуле, күн бетің,
Киелі менің әлемім.
Жанымнан өшпей суретің,
Жыр болып құшсын сәлемім.

Шымырлап тастың астынан,
Шегендеп таспен өрілген,
Тасқұдық тұма — жастық ән,
Айырмаң қайсы өмірден?!

Жарқ етер сөнбей басты үміт,
Жылдар да жылжып өтсінші.
Өмірдің нәрі Тасқұдық
Ұрпаққа құт боп жетсінші!..

Торы бие

Жазда ма еді, ойпырмай, күзде ме еді,
Ит-құсы да ол кездің түзден еді.
Қасқыр жеген құлынын торы бие
Күні бойы кісінеп іздегені?

Күні бойы шырқырап шарқ ұрғаны,
Алқымын тер айғыздап алқынғаны.
Аласұрып қораны бұзардай боп,
Қабырғада тұяғы сартылдады.

Құс ұйқылы көршілер анық көрген,
Болған-ау деп бір сұмдық қауіптенген.
Жын буғандай еліре құтырынып,
Торы бие таң ата шауып келген.

Сауырынан қан ағып, сорғымаған,
Қасқыр тартқан терісі жалбыраған.
Торы бие тыпыршып, көкке шапшып,
Жасқа толып көздері, зар жылаған.

Біздің үйдің албарын көрікті еткен,
Жылқы барда бойға бір желік біткен.
Кеше ғана құлыны құлдыраңдап,
Түнгі өріске шапқылап еріп кеткен.

Қайтқанында ноқталап алушы едім,
Енесінің баурына салушы едім.

Айрықша алабел құлыныммен
Бал қызыққа балалық қанушы едім.

Құлыныммен көңілді өрлетіп ем,
Түнемелмен түрлі күй тербетіп ем.
Құлыншағым, құлпырған ұрыншағым,
Қайтпай қалды ақыры сол бетімен.

Қайтпағаны қатты ұрды, қамықтырды,
Қалың өрттей — енесін жанықтырды.
Шапши өрлеп шарбақтан қарғығанда,
Көз алдында сірә да тамұқ тұрды.

Торы бие содан соң сұлық тұрды,
Жан азасы жарықты ұмыттырды.
Апта бойы, ой Алла, нәр сызбады,
Кісінеген күйігін құмықтырды.

Шыққыр көзім соны да көріп еді.
Құлыным-ай!
Құлыным керім еді.
Құлынынан айрылған қайғысынан
Торы бие торығып өліп еді…

03.05.2020.

Қара күз, қара бала һәм қара қыз туралы аңыз

Мен өмірге келген шақты қараңыз:
Қара жаңбыр, қара лайсаң, қара күз.
Інісінің ақ жүрегін аңдаған,
«Қара бала» деп ат қойған ағамыз.

Ағалардан қалысқан ба жеңгелер,
Қайнысына олар дағы дем берер.
«Қара бала-ау, қайдасың?» деп қағытып,
Арқама сан аманатын өңгерер.

Тағы мына қызығына қараңыз,
Мейлі, мұны қыдыр-баққа балаңыз.
Кезігіпті сол бір қара балаға
Алтын жүрек, ақ періште қара қыз.

Қара күзден бастау алып сол аңыз,
Әппақ әже атаныпты қара қыз.
Асыл достар «Ақ Қорғаш» деп ат қойып,
Ақырында ағарыпты қараңыз…

06.09.2020

Зеренді дәптерінен

Зеренді көгі мейірлі,
Май тамып тұрған күн бүгін.
Зеренді көлі пейілді
Айқарып тұрған күн бүгін.

Мәңгілік менің ертегім
Айтыла берер жері осы.
Ақ самал зифа желкемін
Жырғайды көлдің төресі.

Жыбыры, сірә, білінбей,
Жүгірген бала толқынды-ай!
Айдынның құсни гүліндей,
Өбеді жетіп алқынбай.

Зеренді жасыл зәмзәмін,
Айшуақ нұрға бөледі.
Жаһұт пен таһыт жан-жағым –
Менің де құшқым келеді.

Мейірлі менің мекенім,
Менің де саған аңсарым.
Толқынды қуып кетемін,
Сағыныш буса сал сағым!..

23.08.2017.

Кіршіксіз

Хакімтай Әмірұлы ағаның рухына
Көкшеде менің ағаларым көп еді,
Қорғантайым демейтіні жоқ еді.
Бәрі де бір-бір бел еді,
Ерлейтін жерде ЕР еді,
Демдейтін жерде дем еді,
Солармен Көкше Ел еді.

Сол ағалардың ішіндегі әзиз ардағы,
Ешуақытта ішке бүгілмеген бармағы,
Сабат сабырлы қасиетіменен қандағы,
Аппақ нұрларды елестететін таңдағы,
Қайран Хакімтай ағам…
Хакімтай ағам еді ғой,
Ағалардың ішіндегі сырбазы әрі саңлағы.

Хакімтай деп те қойылған аты мүлтіксіз,
Қағуға шаңды құмар болсаңыз да сілкіп сіз,
Қалтқысыз сеніп қалдым мен мәңгі-бақилық,
Ағамның осы адамгершілігіне кіршіксіз.

Ағатайымды сүйетін едім іштей,
Иетін едім басымды,
Тұнық тазалығы, бәлкім, көзіме оттай басылды.
Тектілігіменен тегеурінді болатын,
Ақпейіл еді, әділетті әмбе ақылды,
Бағалай алдық па, білмеймін, сірә,
Қасымызда жүрген қарапайым ғана асылды?!

Әділдігіне көзімді жұмып сенер де ем,
Аламан бәйгеде көтермеші шылбырын берер де ем.
Айшықтар едім Хакімтай ағам бейнесін,
Жан тазалығының суретін салсам егер мен.

Ағаның жаны аққудай еді десем жалған ба?
Жалғанда мынау армансыз адам болған ба?
Қиятын жан ба еді?
Бақиға кетіп қалды ол да.
Жүрегінде титтей кіршігі болмағанына күмән жоқ,
Ағатайым менің Алланың алдына барғанда…

Шәмші келген

Көктемді сол ұмытам ба,
Көкшетауға Шәмші келген.
Көңілді әсте суытам ба,
Көрген алғаш ән-шүленнен.

Жетпіс төрттің жазға салым,
Зерен көлдің жағасында.
Жалғастырған ән сапарын,
Ну қарағай арасында.

Ақан, Біржан әуелеткен,
Ән бесігі тербегендей.
Шәмші де бір сәуені өпкен,
Оқжетпеске өрлегендей.

Айыртау мен Сырымбетті,
Ақын Еркеш аралатты.
Құлагерден дүбір жетті,
Қамсақтыда қона жатты.

Бурабайда толқыды да,
Бүркіттіден Шәмші де асты.
Шамырқана шалқыды да,
Шабытына қамшы басты.

Көркем Көкше ән қанатын,
Қалықтатып аспанына,
Шарықтатып салтанатын,
Шықты шырқап асқарына.

Еркеш ақын өлеңімен
Кернеп сазы асау қанды,
Ерке Көкше – ерен күннен
Базарлыққа бес ән қалды.

Көкшетауда көктем еді,
Көктем аты – Шәмші келген.
Сағындырған сол әндерді
Күтіп жүрмін әншілерден.

28.09.2020.

Нью-Йорктегі кездесу

Айқын Нұрқатов рухына

1960 жылы Америка сапарында Нью-Йорк кітапханасында Айқын Нұрқатовтың соның алдында ғана Мәскеуде шыққан «Мұхтар Әуезов» атты кітабы ұлы жазушының көзіне оттай басылып, жанын жадыратып жіберген екен.

Ұзынды-қысқалы жолдарындай өлеңнің,
Зеңгір көкке бойлаған зәулім үйлер,
Нью-Йорк шаһары.
Астанасындай,
Бас қаласындай әлемнің
Азуын айға білеген
Осында
Кеңестік мәшһүр жазушылар қосында
Ат басын тіреген
Біздің ұлы Мұхаңның сапары.

Керім қаланың көркін көріп сүйінген,
Көңілдері қанаттанып күй ілген
Қаламгерлер келе қапты сәтімен
Кездесуге
Күткен қауыммен кітапхана үйінде.

Айтпайын артық асылық.
Бірақ сол арада
Алыс Америкада
Көзіне оттай басылып,
Түскендей болып төбеден,
Жып-жинақы сөреден
Жарқ ете қалды дейді бір кітап,
Мұхаңның мерейін асырып.

«Мұхтар Әуезов» деген бұл кітап,
Авторы Айқын Нұрқатов,
Нью-Йорктің төрінде,
Жаһандық мәдениеттің жазира белінде
Мұхаңа сәлем салып, тіл қатып,
Перзентіне деген
Туған елінің жүрек дүрсілін тыңдатып,
Қоя бергені-ай дерсің бір
Жазушының жан сарайын жырлатып.

Олесь Гончар, Соболев достар алқалап,
Қуанып жатыр.
Алғаусыз бүрлеп оң қабақ.
Щипачев ақын сұрап алыпты сол жерде
Әуезов айтқан әдемі теңеуді қолқалап.

Айқын Нұрқатовтай айдынды інісі
Америкада да алдынан шығып,
Тұрған кезде дем беріп,
Тынысы ашылып Мұхаңның,
Астам аудиторияны меңгеріп,
Кеңінен көсіліп,
Шешіліп сөйлеп жөнелді дейсің
Сөзді көкпардай өңгеріп!..

Болды осындай ғажайыбы ғажаптың,
Қолдасқан ерлердің мәртебесі жоғары.
Америка көрді алғаш ғаламатын қазақтың,
Арналды Мұхаңа Щипачевтің де ғазалы.
Алаштың асылдары түгесілген жоқ әлі,
Абайы мен Әуезові бар елдің
Әдебиеттің қазанын қайнатқан,
Аламанға түсер ардакүреңдерін сайлатқан
Айқын Нұрқатовтары да болады.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар